БҚО-да 27 жасөспірім қыз жүкті

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ерте жүкті болғандардың дені 17 жаста екенін хабарлады.

Фото: pixabay.com

2025 жылдың алты айында Батыс Қазақстан облысында 27 кәмелетке толмаған қыз бала жүкті болыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жүкті болған қыздардың дені 17 жаста деп хабарлады. Жастайынан ана атанбақшы болған қыздардың төртеуі ғана ауылдық жерде тұрады екен. Қалғаны қалада өмір сүреді. 

Өткен жылы өңірде 65 қыз баланың аяғы ауыр болыпты. 2024 жылы кәмелекет толмағандар 11 сәбиді дүниеге әкелген. Биыл тоғызы босаныпты. Ал, 2023 жылы осындай сегіз жағдай тіркелген.

Дәрігерлер қыз баланың ерте жүкті болуы оның денсаулығына зиян екенін айтып, дабыл қағуда.

- Жалпы ерте жүктілік деп 13-18 жаста болатын жүктілікті айтады. Жасөспірімдердің жүктілігі, көбінесе 14 пен 17 жас аралығында кездеседі. Ерте жүктілік екі есе қауіп төндіреді: бұл болашақ ананың денсаулығына үлкен зиян келтіреді, ал бұл баланың өзіне қауіпті.Осы уақытта қыз баланың өтпелі кезеңі басталып, ағзада гормондық қайта құрылу үрдісі жүреді. Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді. Жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе, басқа да ішкі ағзаға үлкен салмақ түседі. Мұның қиындығы – жас анада көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, ауыр токсикоз болады. Ерте жүктілікте қыздың ағзасы осындай жүктемеге дайын болмайды, - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауабында.

Ерте жүкті болған қыздардың төртеуі түсік тастапты. Оның үшеуі әлеуметтік көрсетілім себебінен болса, біреуі өздігінен түсік тастаған. Етегі ерте ашылған қыздар кейде ата-анасынан қорқып, ақ халатты жандардың қабылдауында болмай, түрлі түсік тастаудың жолын іздеп жатады. 

Дәрігерлер ғаламтор мен заңсыз сатып алған дәрі-дәрмекпен тоқтату мүмкіндігін қарастыруға болмайды деп кесіп айтты. Соның зардабы көп екен. Алғаш түсік тастаған жан бедеулікке шалдығып, тіпті өлім-жітімге әкеліп соғады екен. Дәрілердің де зияны көп.

- Аборт жасау үшін қолданылатын дәрілік заттарды қабылдаудағы негізгі болатын асқынулар: жалпы әлсіздік, жүрек айну, құсу, диарея, бас ауруы, бас айналу. Іштің қатты ауырсынуы (ұрық жұмыртқасын шығару кезінде жатыр қарқынды түрде жиырылады). Аллергия. Көмейдің ісінуі мен тұншығуына дейін – шұғыл медициналық көмексіз мүмкін емес жағдай. Қан кету кейде соншалықты ауыр, сондықтан қан құю қажет. Толық емес түсік, хирургиялық араласуды қажет етеді және уақтылы медициналық көмексіз сепсиске әкеледі. Егер жалпы әлсіздік, жүрек айну, бас ауруы және іштің ауыруы дәрігердің міндетті түрде қатысуын қажет етпесе, онда басқа асқынулардың пайда болу қаупі сараптамалық саралау мен көмекке мұқтаждықты білдіреді. Аллергиялық реакция да болуы мүмкін, егер анафилактикалық шок пайда болса және ол тез жүрсе, жағдай минут сайын нашарлайды. Әйел тіпті "жедел жәрдем" шақыруға үлгермеуі мүмкін, өйткені анафилактикалық шок кезінде ағзадағы барлық реакциялар тежеледі, - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Дәрігерлер қыз балалардың ерте жүкті болуы, түсік тастауы мен бала босануы бойжеткеннің ғана емес, оның отбасына да үлкен психологиялық проблема екенін айтады.

Дәрігерлер Бұрымдылардың бойжеткен шағында бесік тербетіп отырмасы үшін жастар денсаулық орталықтарымен, қоғам белсенділерімен бірге репродуктивті денсаулық тақырыбында, гигиена, жыныстық сауаттылық, отбасын жоспарлау, жүктіліктен сақтану жолдары, түрлі жыныстық аурулардың алдын алу жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп келеді.

Фото: pixabay.com