БҚО-ның екі ауданында мал азығын қамту ісі ақсап тұр
Қазіргі таңда шаруалар мал азығын дайындап жатыр.
Батыс Қазақстан облысында мал азығына жинау науқаны жалғасуда. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин хабарлады. 2025-2026 жылдың қысында 971 мың бас ірі қара, 1466 мың бас ұсақ мал, 296 мың бас жылқы және 2,6 мың бас түйе қыстаққа кіреді деп жоспарланыпты.
— 2025-2026 жылғы мал қыстағына кіруге жоспарланып отырған бір миллион 222 мың шартты мал басына екі миллион 317,7 мың тонна шөп, 275,6 мың тонна жем, сонымен қатар қосымша мал азығы ретінде 14,2 мың тонна сүрлем, 8,4 мың тонна пішендеме дайындау жоспарланды. Өткен жылдан қалған 421,7 мың тонна шөп қолда бар, - дейді Жасұлан Халиуллин.
Басқарма басшысы өңірде мал азығын дайындау барысын жіпке тізді. Қазіргі таңда облыста 4,2 миллион гектар шабындық шабылған. Аймақта оның орташа өнімділігі 3,5 ц/га құрап, бір миллион 452 мың тонна мал азығы әзірленген. Бұл жоспардың 62,7% екен. Өткен жылы орылған шөппен қоса есептегенде 1 874 мың тонна шөп даярланыпты. Бұл жалпы қажеттіліктің 81%-ын құрайды, - деседі мамандар.
— Шаруашылықтардың санаттары бойынша дайындалған мал азығы көлемі төмендегідей: шаруа қожалықтармен 1 403 мың тонна шөп даярланса (84%), жеке қосалқы шаруашылықтармен 471 мың тонна әзірленді (71,2%), - деді Жасұлан Халиуллин.
Батыс Қазақстан облысында Ақжайық, Бәйтерек, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Шыңғырлау ауданы шөп қажеттілігінің 75% артық орындапты. Алайда Жәнібек пен Казталов ауданында жағдай мәз емес. Қос ауданның жекелеген ауылдық округтерінде шөп шығымдылығы төмен деңгейде. Сол себепті екі ауданда мал азығын дайындау қарқыны төмен.
— Қазіргі кезде шөп өнімділігі төмен болып отырған Жәнібек (қажеттіліктің 46,2%) және Казталов (қажеттіліктің 62%) ауданының кейбір округтерінің шаруалары облысымыздың басқа өңірлерінен мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізуде, - деді Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Облыста жем-шөппен қамтамасыз етуде қиындық туындауы мүмкін оңтүстік аудандарының мәселесі шешу үшін арнайы штаб құрылған. Күні бүгінге дейін аталмыш штабтың төрт отырысы өтіпті. Штаб төрағасы болып облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов тағайындалыпты. Осындай штабтар әрбір ауданда қызмет атқаруда.
— Оңтүстік аудандардың шөп қажеттілігін облыс ішіндегі ішкі тасымалдау арқылы жабуды қарастыру мақсатында облыстық орман шаруашылығы мекемелерінен рулон құны 5000 теңгеден мал азығы дайындалуда, сондай-ақ солтүстік аудандардан шөп және жем азығы сатушылар туралы ақпарат апта сайын жаңартылып, ұсынылып отыр,- дейді Жасұлан Халиуллин.
Өңірде көктемгі-далалық жұмыстарды жүргізуге 8,4 мың тонна дизель отыны бөлініп, жеткізуші - оператор болып «Petro Retail» ЖШС анықталды. Дизель отынын Орал қаласындағы мұнай базаларынан жіберу бағасы бір литріне 254 теңге құрады.
Егінге 6,5 мың тонна дизель отыны пайдаланған болса, қалған 1,9 мың тоннасы мал азығын дайындау жұмыстарына бөлінді.