15 октября в 19:00

Бөрлі ауданында инвестициялық жобалардың арқасында жаңадан 600 астам жұмыс орны ашылмақ

2025 жылдың қаңтары мен тамыз айында Бөрлі ауданында инвестициялық салым — 188,5 миллиард теңгені құрапты.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқына арналған кезекті жолдауында инвестицияға мықтап мән беріп, инвестиция тартуды тапсырған-ды. Осы тапсырманы орындау үшін жергілікті әкімдіктер шетелдік инвесторлармен ортақ жобаларды іске асыру үшін барын салуда. 

Жақында Батыс Қазақстан облысы әкімінің Нариман Төреғалиев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына сапарлады. Аймақ басшысы 14 меморандумға қол қойды. Келісімнің құны 134 миллиард теңгеден асып жығылады.

Бөрлі ауданында биылғы жылдың қаңтар мен тамыз айында 188,5 миллиард теңге инвестициялық салым түскен. Ал 2022 жылы негізгі капиталға тартылған инвестициялық көлем 318,6 миллиард теңге,  2023 жылы 384,4 миллиард теңге, өткен жылы бұл көрсеткіш 349,7 миллиард теңгені құрапты.

— 2025 жылы жеке инвестициялық салымдарының есебінен жалпы сомасы 283 миллиард теңгені құрайтын 49 жеке инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Құрылатын жұмыс орны 637. Инвестицияның арқасында газ- мұнай, өңдеу, медицина, сауда, тұрғын үй, қонақ үй, мейрамхана, монша, автокөлік жуу кешені құрылысы салаларындағы жобалар жүзеге аспақ, — делінген Бөрлі ауданының ресми жауабында.

Бөрлі ауданының әкімдігі 2023 жылы жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеге сегіз инвестициялық жоба іске асырылғанын хабарлады. Соның арқасында 123 жұмыс орны құрылған. Іске асырылған жобалардың арасында  өндірістік база, сауда павильоны, әкімшілік-сауда орталығы, дүкен, монша кешені, бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйлерді салған. 

  — 2024 жылы жалпы сомасы 4,2 миллиард теңгеге он инвестициялық жоба іске асырылып, 103 жұмыс орны құрылды. Соның арқасында сауда кешені, сауда объектісі, балалар ойын-сауық орталығы, төрт қабатты көппәтерлі тұрғын үйлерді, бизнес орталығы мен жанармай құю станциясын салу, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу іске қосылды, — делінген Бөрлі ауданының әкімдігінің ресми жауабында.  

Инвестициялық салымнан бөлек, Бөрлі ауданында өңдеу өнеркәсібі де дамып келеді. Ауданда биылғы жылдың қаңтар мен тамыз айында өңдеу өнеркәсібінің көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға артқан. Оның құны 45 миллиард теңгені құрапты. Жергілікті әкімдік өңдеу бойынша жеті жобаның жоспарланғанын хабарлады. 2025 жылы үш кәсіп іске қосылған. Жаңа бастамалар ауылшаруашылық өнімдері ет, нан мен сүт, кондитерлік бұйымдар мен металл өндіруге арналған. 

Естеріңізге сала кетейік, Бөрлі ауданында президенттің тапсырмасына сәйкес келер жылдың маусым айына дейін ауыл шаруашылығына арналған он мың гектар жер шаруаларға конкурс арқылы жалға берілмек.