Маңғыстауда «LiveGood» қаржы пирамидасынан 80-нен астам адам зардап шеккен

Қазіргі таңда «LiveGood» қаржы пирамидасының құрылыс бөлімшесін басқару, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тергеу аяқталды.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Маңғыстауда «LiveGood» қаржы пирамидасының құрылыс бөлімшесін басқару, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

- «LiveGood» компаниясы дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сату түріндегі желілік маркетинг ретінде көрініп, шын мәнінде салымшыларды тарту арқылы кепілдендірілген табыс уәде етіп отырған. Өнімді сатып алу міндетті болмаған. Қатысушылардың табысы тікелей түрде жазылу құны 50 АҚШ долларынан басталатын жаңа адамдарды тарту санына байланысты болған, - дейді Қаржылық мониторингтік агентігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Маңғыстауда қаржы пирамидасынан 80-нен астам адам зардап шеккені анықталды. Салымшылардың қаражатын заңдастыру мақсатында күдікті оларды криптовалюта биржасы арқылы заңсыз операциялармен шығарып, кейін туыстарының шоттарына аударған. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа ол Ақтау қаласынан екі пәтер мен Lexus автокөлігін сатып алған. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны – 43 млн теңге. Соттың санкциясымен 132 миллион теңге көлеміндегі оның есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алынды. Іс сотқа жолданды.