10 августа в 17:00

Қазақстанда 500 мыңнан астам бала ваучермен балабақшаға орын алды

Күні бүгінге дейін ел аумағында жұмыс істейтін 4,7 мың мектепке дейінгі мекеме ваучермен қаржыландыру жүйесіне қосылды.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Бүгінгі таңда ел аумағында 500 мыңнан астам бүлдіршін ваучер жүйесі арқылы балабақшаға жолдама алыпты. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Қазіргі таңда ел аумағында жұмыс істейтін мектепке дейінгі мекеменің 4,7 мыңы осы жүйеге қосылған.

Балабақшаларды ваучер жүйесі арқылы қаржыландыру жүйесі өткен жылы кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Министрліктің таратқан ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда осы жүйе 22 қала мен жеті ауданда жүзеге асып жатыр. 2025 жылдың еліміздің барлық мектепке дейінгі мекемелерде ваучер жүйесіне қосу жоспарланыпты.  Бұл жоба мектепке дейінгі білім беру саласында қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған екен.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі бос орындары бар және белгіленген талаптарға сай келетін мектепке дейінгі ұйымдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Ата-аналарға балабақшаны өз қалауынша таңдау мүмкіндігі берілген, бұл жеке және мемлекеттік балабақшалар арасында бәсекені қалыптастыруға септігін тигізеді екен. 

Жүйе ең алдымен «ақша балаға беріледі» қағидатына негізделген қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі шартты қамтиды. Қаражат тек баланың баруын ата-аналар растағаннан кейін ғана аударылады.