Қазақстанда 1000 мектеп жаңғыртудан өтпек

Мектептер жеті бағыт бойынша жаңғыртудан өтеді.

Қазақстанда 1000 мектеп жаңғыртудан өтпек
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Қазақстанда ауылдық жерде және моноқалаларда орналасқан мың мектеп жаңғыртудан өтпек. Жаңғырту жұмыстары жыл сайын жүзеге асады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

— Жаңғыртудың мақсаты – балалардың білім алуы мен тәрбиеленуі үшін қолайлы жағдай жасау, материалдық-техникалық базаны нығайту арқылы қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту.Жаңғырту аясында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды, қауіпсіздік жағдайларын жақсарту қарастырылған, - делінген Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің хабарламасында.

Министрлік таратқан ақпарға сүйенсек, 2025–2026 оқу жылында робототехника, химия, биология, физика және STEM бағыттары бойынша мыңға жуық заманауи пәндік кабинет сатып алынбақ.  509 мектептің кітапханасын, 375 білім ошағының асханасын жаңғырту, 598 оқу ордасының күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу, 409 білім беру мекемесінің жиһаздарын жаңарту жоспарланған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 369 мың оқушының оқу жағдайын жақсарту көзделіпті.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp