БҚО-да «Жайлы мектеп» 14 сәуірден жұмысын бастайды
Теректі ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа оқу ошағын 14 сәуірден бастап оқу процесін бастайды.

Теректі ауданының білім беру бөлімі Подстепный елді мекенінде салынған «Жайлы мектеп» 14 сәуірде жұмысын бастайды деп хабарлады. Оқу ошағы 1200 орынға арналған.Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының келтірген мәліметіне сүйенсек, жоба құны 7,1 миллиард теңгені құрайды. Қаржы ұлттық қордан бөлініп, игерілген.
Білім нысанын «Отдел строй» компаниясы салған. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың желтоқсанында аяқталыпты. Үш қабатты оқу ошағының жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден астам. Ғимарат он блоктан тұрады. Мектепте 378 балаға арналған асхана, хореография мен мәжіліс залы, үш спорт зал, кітапхана, STEM зертханасы, пәндік және IT кабинеттерімен жабдықталыпты.
Қазіргі таңда елді мекенде орналасқан қос мектептен тізім бойынша және ата-ананың өтініш негізінде 605 оқушы жаңа оқу ошағына ауыспақ. Өрендерге 57 педагог сабақ береді. Оқушылар мемлекеттік тілде білім алады. Қазіргі таңда жаңа мектепте он шақты бос жұмысы орны бар екен. Теректі ауданының білім бөлімінің басшысы конкурс жариялап, соның нәтижесінде қызметкерлерді жұмысқа аламыз деп хабарлады.
— Жайлы мектепке тоғызыншы және он бірінші сыныптар келмейді. Себебі жаңа мектеп құжат тарапынан беріліп болған жоқ. Соныңда рәсімдеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, лицензия алуы керек. Соған байланысты биыл бітіретін тоғызыншы, 11-сыныптар әзірге көшпейді. Олар лицензия алғаннан кейін, жаңа оқу процесі басталғанда оқиды, — дейді Теректі білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев.
Батыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы тоғыз білім ошағы салынады. Облыстық құрылыс басқармасы білім ошақтарының жалпы құны 53,8 миллиард теңгені құрайды деп хабарлады. Өткен жылы үш оқу ордасының құрылысы аяқталып еді. Екі жаңа мектеп Орал қаласында бой түзеді. Орал қаласы білім беру бөлімінің таратқан ақпарына сүйенсек, қазіргі таңда №51 оқу ордасында 1233 бала оқиды. Ал, №52 мектепте 1259 өрен білім алады.
Биылғы жылдың желтоқсанына дейін алты білім ордасының құрылысы аяқталмақ. Жайлы мектептер Бәйтерек ауданына қарасты Достық пен Байқоныс ауылында салынбақ. Сондай-ақ, үш замануи мектеп Бөрлі ауданында бой түземек. Ал, облыс орталығында №65 мектеп осы ұлттық жоба аясында салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Оқу ошағы Жәңгір хан көшесінің бойында орналасады. Ғимарат 600 балаға арналған. Оның құны 4,7 миллиард теңгені құрайды. Мектепті «Жайық жарығы» компаниясы салып жатыр.