Қазақстанда оқушылар алғаш рет қаржылық сауат пен цифрлық қауіпсіздік бойынша олимпиадада бақ сынайды
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы осындай бастама көтерген.
Елімізде 9-11 сынып оқушылары алғаш рет қаржылық сауат пен цифрлық қауіпсіздік бойынша алған білімдерін олимпиада сынап көрмек. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Тың бастаманы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы көтеріпті.
Сала мамандары бұл жоба оқушылардың қаржы саласындағы білімін арттырып, жауапкершілік пен цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Білім бәйгесінің алғашқы кезеңі 17 қазанда барлық өңірде офлайн форматта өтпек. Оқушылар 30 сұрақтан тұратын тест тапсырмасын бір сағаттың ішінде орындауы шарт. Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар келесі кезеңге жолдама алады.
Олимпиаданың финалы 2026 жылдың мамыр айында Астана қаласында өтпек. Білім бәйгесінің қорытынды кезеңінде еліміздің түпкір-түпкірінен 150 астам оқушы бақ сынайды деп жоспарлануда.