15 сентября в 19:15

Шағын жинақты мектепті қолдау білім сапасын арттырмақ

Бөрлі ауданының тұрғындары мемлекет басшысының жолдауына қатысты ой-пікірлерін ортаға салуда.

Шағын жинақты мектепті қолдау білім сапасын арттырмақ
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Сегізінші қыркүйекте мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Жолдаудан кейін орындалуы тиіс тапсырмалар жасақталуда. Азаматтарды жасанды интеллект технологиясын қолдану мәселесі де толғандырады. Бөрлі ауданының тұрғындары да осы мәселеге қатысты ойларын ортаға салуда. Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Мейрамбек Сыдықов шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуге қатысты ұсынысты қолдап отыр.

—  Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Білім саласына қатысты маңызды бастамалардың ішінде бұл жаңалық өзім үшін аса жағымды болды. Шағын жинақты мектепті қолдау арқылы ауыл балаларының білім сапасы жоғарылайтыны анық. Сондықтан бұл бастамалардан үлкен нәтиже болатыны сөзсіз. Басқа да тың бастамалар өз кезеңімен жүзеге аса бермек. Сонымен қатар мектеп жасындағы балаларға жасанды интеллекттің мүмкіндігін оқыту қажеттілігі туралы айтылды. Бұл да құптарлық іс деп ойлаймын. Елімізді цифрландыру бағытындағы жаңа белестер күтіп тұрғаны анық байқалады, — дейді Бөрлі аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Мейрамбек Сыдықов.

Естеріңізге сала кетейік, 12 қыркүйекте Ақсай қаласында аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өткен-ді. Жиында аудан басшысы мемлекеттік қызметкерлерге тапсырма жүктеп, оны уақытылы орындауды еске салды. 

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp