Ақтөбеде жарық шамдарының кабелін ұрлаған тұрғын қолға түсті
Күдікті көпқабатты үйлерді жарықсыз қалдырыпты.
Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйлерді жарықсыз қалдырған күдікті қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлайды. Шаһарда қыркүйектің соңында бірнеше үйдің сыртқы жарық шамдары жанбай қалған. Жергілікті атқарушы орган жүргізген тексеру барысында үйлердің төбесінде орналасқан жарықшамдарға арналған кабельдердің ұрланғаны белгілі болды. Ұрлық фактісі Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова даңғылдары мен Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан баспананың аумағында тіркеліпті. Соның кесірінен мемлекетке 350 мың теңгеге жуық шығын келген.
— Полицейлер жедел-іздестіру шаралары барысында аталған іске қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы қала тұрғынын анықтады. Тергеп-тексеру барысында күдікті үш эпизод бойынша да өз кінәсін мойындады. Ол қылмысқа жарықшамдар жанбай тұрған кезді пайдаланып, күндіз барғанын айтты. Күдікті үйлерге кіреберістер арқылы емін-еркін кіріп, төбеге көтерілген. Қажетті сымдарды кесіп алған соң, оны қала сыртына апарып өртеп, ішіндегі мыс сымдарды металл қабылдау пунктіне өткізген, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары бірнеше рет ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғапты.