Ресейден Қазақстанға 20 тонна құс етін заңсыз әкелмек болған
Заң бұзғандар «Сырым» ветеринарлық бақылау бекетінде ұсталған.
Қазақстанға Ресейден заңсыз 20 тонна құс етін әкелмек болған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жүк көлігі Ресейдің Самара қаласынан еліміздің Қызылорда шаһарына бет алған. Алайда «Сырым» шекара бекетінде жіті тексеру кезінде жүкте құжаттары талапқа сай келмейтін 20 тонна құс еті бар екені анықталыпты.
— Аталған өнімді шығарған кәсіпорын ЕАЭО Реестріне кіретін және Қазақстан аумағына жануарлардан алынатын өнімді экспорттауға рұқсат берілген ұйымдар тізімінде жоқ болып шықты. Ветеринариялық-санитариялық талаптардың бұзылуына байланысты жүк көлігі өнім жөнелтілген елге кері қайтарылды. Көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, — деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл Батыс Қазақстан облысы аумағында ветеринариялық заңнаманы бұзудың 204 фактісі тіркеліпті. Тексерістер нәтижесінде 204 көлік кері қайтарылды. 130 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 11 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.