Атырау облысында арнайы бөлінген 500 грантқа құжат қабылдау басталды
Талапкерлер еліміздің іргелі оқу орындары мен Қазақстанда ашылған шетелдік университеттерде білім алатын мүмкіндікке ие.

Атырау облысында арнайы бөлінген 500 грантқа құжат қабылдау басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметі хабарлады.
Сала мамандары арнайы бөлінген грант ғылым және жоғары білім министрлігі бөлген жалпы республикалық гранттардан бөлек қарастырылып отырғанын атап өтті. Аталған гранттар аясында талапкерлер еліміздегі жоғары оқу орындарында және Қазақстанда ашылған шетелдік университет филиалдарында мемлекет есебінен тегін білім ала алады.
- Биыл мемлекет 70 мыңнан астам білім беру грантын бөлді. Құжат қабылдау науқаны жүріп жатыр. Негізгі талап – ҰБТ сертификаты мен шекті баллдың болуы. Шығармашылық бағыттағы ЖОО-ларға баллдық шектеулер бар: Қазақ ұлттық өнер университетіне кемінде 100 балл, Өнер университетіне 70 балл қажет. Соңғы 4 жылда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Маңғыстау мен Атырау облыстарына арнайы гранттар бөлініп келеді. Бұл бастама өңір жастары үшін жоғары білімге қолжетімділікті арттыруды көздейді,-деді Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров
Биыл техникалық және технологиялық бағыттарға ерекше басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, гранттар ақпараттық технологиялар, инженерлік және өңдеу салалары, сәулет және құрылыс, гигиена және еңбек қорғау бағыттары бойынша бөлінді.
Білім беру гранттарына құжат қабылдау 13-20 шілде аралығында жүргізіледі. Өтініштер egov.kz порталы немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады.