Қазақстанда Ұлттық екпе егудің күнтізбесі басталды
Қазақстанда сәуірдің аяғында дәстүрлі Ұлттық екпе егудің күнтізбесі ұйымдастырылады.

Елімізде ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, түрлі жұқпалы дертті жұқтырмау үшін екпе егеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұрғындардың, әсіресе балалардың 95 пайызы екпе егу қажет деп ұсынады.
Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің таратқан ақпарына сүйенсек, өткен жылы облыста балалардың 98 пайызына екпе егілген. Күні бүгінге дейін бұл көрсеткіш 23,7 пайызды құрайды екен.
— Елімізде Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы екпе жүргізіледі. Оның ішінде бір жасқа дейінгі, бір жас, алты жасқа дейінгі балалардың арасында екпе егіледі. Ескере кететін жайт елімізде барлығы тегін жүргізіледі, әрі бұл екпе жоспарлы түрде болады. Сонымен қатар кейбір елді мекендерде аурушаңдықтарға байланысты, эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты екпе жүргізіледі. Ауру адамдармен қарым-қатынаста болған азаматтарға профилактикалық мақсатта осы екпе егеді, — деді Батыс Қазақтан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Орал қаласының тұрғыны Анастасия Серёгина: «баламның денсаулығын күшейту үшін екпе күнтізбесін жібермеймін», дейді. Кейіпкеріміздің қызына Гепатит А-ға қарсы екпе екпе екті.
— Мен №4 емханада тіркелгенмін. Біздер жас ерекшелігімізге байланысты екпе аламыз. Қызымда ешбір реакция болмады. Біздер екпені баламның иммунитеті жақсы болуы үшін аламыз. Тұңғыш баламда денсаулығына байланысты екпе егуге болмайтын еді. Сол себепті перзентім жиі ауырып қалады. Екпе қабылдай бастағасын, саулығы да жақсарды, — дейді қала тұрғыны Анастасия Серёгина.
Десек те, әлі күнге дейін екпеге қарсы жандар бар. Батыс Қазақстан облысында 200-ге тарта ата-ана баласына екпе егуге қарсы. Олар түрлі уәжді айтады екен. Сала мамандары бірінші кезекте, ата-аналар әлеуметтік желіде жарияланған материалға сенетінін айтады. Олар әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушысының сөзіне сеніп, таңдау жасайды екен. Сондай-ақ екпе егуден бас тартқан жайттардың ішінде, туыстарының уәжін тыңдағандар да болыпты. Діни көзқарасы бойынша вакцинациядан бас тартқандар да жетерлік екен. Эпидемолог дәрігерлер ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинаның маңызы зор дегенді айтады.
— Вакцинация — бұл сіздің балаларыңыздың денсаулығын қорғаудың тәсілі ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғамдастықтың денсаулығын қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Біздің басты назарымыз ата-аналарды тәрбиелеуге және оларға вакцинация туралы объективті ақпарат беруге бағытталған, — дейді №4 емхананың эпидемиолог дәрігері Мира Нуржанова.
Биыл екпеге қарсы болған ата-аналардың 100-ге жуығы райынан қайтып, рұқсат берген.