Биыл 3,2 миллион бала жазғы лагерьмен қамтылмақ. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Балалардың жазғы уақытта бос уақытын ұйымдастыру үшін 11 135 демалыс орны жұмыс істемек. Үкімет отырысында еліміздің бас педагогы Жұлдыз Сүлейменова жазғы маусымды ұйымдастыру жайлы баяндады.

Министрдің сөзіне сенсек, жазғы демалыста түрлі бағдарлама дайындалған: мектептер жанындағы демалыс орталықтарында үш миллионға жуық бала уақыт өткізеді. 168 мың оқушы маусымдық орталықтарда, ал 44 мыңнан астамын – жыл бойғы орталықтар қабылдайды. Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала және ерекше білім беру қажеттіліктері бар 53 мың бала демалыспен қамтылады.

Республикалық «Балдәурен», «Бөбек» орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары қатарынан бес мың бала сауықтыру және дамыту шараларына қатысады.

Ал өңірлерде осындай қолдау 370 мың дарынды балаға ұйымдастырылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық нысандарға полиция инспекторлары тағайындалды, ал қызметкерлердің соттылығы тексерілді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жан-жақты дамуы мен қолайлы ортада демалуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты президенттің 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебін, 50 балалар сауықтыру орталығын ашу туралы тапсырмасына сәйкес үш жылда 24 мың орынға арналған 44 қосымша білім ұйымы салынды. Жылдың соңына дейін 3 800 орындық он объектінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, осы кезеңде 2 800 орынға арналған 15 балалар сауықтыру орталығы ашылды және биыл 840 орындық төрт сауықтыру орталығы пайдалануға беріледі,— деп атап өтті министр Жұлдыз Сүлейменова.

Жаңа қосымша білім беру ұйымдары робототехника кабинеттері, IT зертханалары, ойын алаңдары және балалардың бос уақытын тиімді қамтамасыз етуге арналған басқа да заманауи құралдармен жабдықталған.