Ұлттық тестілеу орталығы Батыс Қазақстан облысы бойынша негізгі ҰБТ-ның қорытындысын жариялады. Орталықтың таратқан ақпарына сүйенсек, биыл негізгі білім сынағын 8,2 мың талапкер тапсырған. Биыл екі рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік берілді. 2026 жылы осы мүмкіндікті қолданып, 15,2 мың рет тест тапсырған.
Сынақ тапсырушылардың 74 пайызы қазақ тілін таңдапты. 6,1 мың талапкер шекті баллды жинаған. Бес пән бойынша орташа 70 балл жинапты. Ең жоғары балл-136 баллды құрапты.
— Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 38 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.ҰБТ өткізу барысында 61 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 36 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 25 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ, – деп хабарлады Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы.
Ұлттық орталық тест тапсырғандардың бейнежазбасын 2026 жылдың 31 қазанына дейін тексереді. Тексеріс барысында талапкерлердің ереже бұзғаны анықталса, олардың нәтижесі жойылмақ. Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл оныншы мамыр мен оныншы шілде аралығында өтті. 2026-2027 жылдан бастап ҰБТ-ның форматында өзгерістер болмақ.
Қазіргі таңда талапкерлер ҰБТ-ның нәтижесімен грантқа оқу үшін құжат тапсырып жатыр. Оның нәтижесі тамыз айында белгілі болмақ.