Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік көлікті пайдалануы сөз болды. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Дулатбек Молдағалиев осы жылы батысқазақстандық шенеуніктердің жол жүру ережесін бұзғанын жіпке тізді. Бас маманның мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік қызметшілер қызметтік көлікпен 119 рет жылдамдықты асырғаны тіркелген. 97 жүргізушінің жұмыс уақытында жылдамдықты асырып, жүйіткігені белгілі болды. Заң бұзғандардың 81 пайызы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері екен.
— Бұзушылықтардың басым бөлігі Бәйтерек ауданының жергілікті атқарушы органдарымен – 13 бұзушылық, Теректі ауданының жергілікті атқарушы органдарымен – сегіз бұзушылық, Сырым аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен және Батыс Қазақстан облысының құрылыс басқармасымен – 5 бұзушылық, Орал қаласы және Ақжайық ауданының жергілікті атқарушы органдарымен – төрт бұзушылық, Бөкей ордасы ауданының жергілікті атқарушы органдарымен - үш бұзушылық орын алған, – дейді Дулатбек Молдағалиев.
Жұмыс уақытынан тыс жол жүру ережесін бұзғандар да көп. Демалыс пен мереке күндері қызметтік темір тұлпарды тізгіндеген 22 факті тіркелген. Мәселен, биылғы жылдың маусым айында Бөкей Ордасы ауданы әкімдігіне тиесілі қызметтік көлік екі рет шаһардың Назарбаев көшесі мен Орал-Саратов тас жолында жол ережесін бұзған. Құжаттарды тексергенде темір тұлпардың іс-сапармен Оралда жүргені анықталды. Дәл сол көлік өткен жылдың күзінде де облыс орталығына сапар шегіп, жол жүру ережесін бұзғаны анықталыпты.
— Аталғандар негізінде Бөкей ордасы ауданы әкімдігі лауазымды тұлғасының тарапынан қызметтік автокөліктің жол ережесін бұзуына жиі жол беретіндігі және түнгі уақытта қозғалыстың жиі орын алуы жол көлік оқиғасына тәуекелдің туындауына әкеліп соғатындығын ескере келе, тиісінше жүйелі түрде бақылау жасалмайтынын көрсетеді, – деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы.
Бұдан бөлек, шілде айында Ақсай қаласы әкімдігіне тиесілі қызметтік көлік Оралда жол жүру ережесі бұзған.
Ал,сәуір айында сенбі, жексенбі күндері түнгі уақытта облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысына тиесілі көлік Зачаганск кенті мен Орал-Саратов тас жолының бойында жол ережесін бұзғаны тіркелген.