• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Бөрлі ауданында жылыту маусымына дайындық қызу жүруде: «Ақсайжылуқуат» кәсіпорны жұмысты жандандырды

Бөрлі ауданындағы жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және тарату ісіне жауапты "Ақсайжылуқуат" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны алдағы жылыту маусымына тыңғылықты дайындық жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда аудан бойынша сегіз мыңнан астам абонентке сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін нысандарда жөндеу-жаңғырту жұмыстары кестеге сәйкес жүзеге асырылуда.
Бөрлі ауданында жылыту маусымына дайындық қызу жүруде: «Ақсайжылуқуат» кәсіпорны жұмысты жандандырды
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Бөрлі ауданы әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, бүгінде кәсіпорын 7 910 жеке тұрғын үй, 292 заңды тұлға және 56 мемлекеттік мекемені жылумен қамтып отыр. Жалпы теңгерімдегі 46 қазандықтың 20-сы Ақсай қаласында, ал қалған 26-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Жылдық орташа жылу энергиясын өткізу көлемі 103,5 Гкал-ды құраса, халықтың ыстық суды тәуліктік тұтыну көрсеткіші 700-750 м³ шамасында.

Инвестициялық бағдарлама және жаңғырту шаралары

2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жоспары аясында бірқатар маңызды нысандарды жаңарту көзделген. Инвестициялық бағдарлама шеңберінде Ақсай қаласының оныншы шағын ауданындағы №25 тұрғын үй қазандығына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа жанарғысы бар қазандық орнатылады.

Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру мүмкіндігі туындаған жағдайда, бірқатар қазандықты жаңалау жоспарланған:

  • №25 қазандыққа: "VITOPLEX 100 VIESSMAN" қазандығы;
  • №1 қазандыққа: "КВА 81" маркалы қазандық;
  • Пугачев ауылына: "КОВ50" жанарғысымен 2 дана қазандық;
  • Бөрлі ауылына: "КВА233" жанарғысымен 2 дана қазандық;
  • Успеновка ауылына: "КОВ100" жанарғысымен 2 дана қазандық;
  • №6 қазандыққа (10-шағын аудан, 28-үй): "ВВ350" маркалы 2 дана қазандық.

Техникалық тексерістер мен желілерді жөндеу

Кәсіпорын басшылығы жылыту маусымының қауіпсіз әрі үздіксіз өтуін басты назарда ұстап отыр. Қазіргі таңда жеті газ есептеу құралы мен 42 газ сигнализаторы міндетті тексерістен өтуде, ал 25 жылу есептегіш құралды калибрлеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 63 080 метрді құрайды. Оның тозу деңгейі бүгінгі таңда 14,95 пайыз, ал негізгі қызметтік жабдықтардың тозуы 30 пайыз деңгейінде. Осыған орай, диаметрі 50-ден 250 мм-ге дейінгі кварталішілік ысырмаларды жаңасына ауыстыру және орталық қазандықтағы негізгі қазандықтарды жуу жұмыстары алдағы уақытта толық аяқталады деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Бөрлі ауданында 22 жеделсатыны алмастыру жоспарланып отыр.

Главный баннер --> after article