• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Бөрлі ауданында тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Бөрлі ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің жай-күйін жақсарту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Бөрлі ауданында тұрғын үй инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Тұрғындардың қолайлы өмір сүріп, жақсы үйде тұруы үшін көпқабатты баспананы уақытылы жөндеп, қасбетін әрлеп, тозығы жеткен жеделсаты мен кәріз құбыры мен шатырын алмастыру маңызды. Тозған дүниелер уақытылы алмастырылмаса, уақыт өте келе үйдің күйі кетіп, санаулы жылдың ішінде адам өміріне қауіп төндіріп, апатты деп танылады. Бұл мәселенің алдын алу үшін елімізде түрлі бағдарламалар да іске қосылған-ды. Бюджет есебінен де жөнделіп жатқаны көп. Облыс орталығынан бөлек, моноқалаларда тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы қалай іске асып жатыр? Бөрлі ауданы әкімдігі көпқабатты баспананы күтіп ұстау үшін қандай іс-шараларды атқарып жатыр? Биыл қанша қаражат бөлінді. Ауданның атқамінерлері 2026 жылы қандай жұмыстарды атқармақ? Біртіндеп тарқатсақ. 

Өткен жылдардың нәтижесі: Шатырлар мен лифтілер жаңартылды

2024 жылы аудандағы екі көппәтерлі тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізіліп, бұл мақсатқа бюджеттен 105,3 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Ал 2025 жылы шатыр мен қасбет жөнделмегенімен, аудандағы инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бойынша маңызды қадамдар жасалды.

Атап айтқанда, 2025 жылы жалпы құны 154,8 миллион теңгеге он жеделсаты толықтай жаңасына ауыстырылды. Оның ішінде бес жеделсаты тікелей аудандық бюджет есебінен 74 миллион теңгеге модернизацияланды. Сонымен қатар былтыр бір көпқабатты үйдің ішкі кәріз және сумен жабдықтау жүйелері толық жаңғыртылды.

Алдағы жоспарлар: 22 лифт және шатырларды жөндеу

Бөрлі ауданы әкімдігі тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңартуды басты назарда ұстап отыр. Биылғы жоспарға сәйкес:

  • Лифт шаруашылығы: 2026–2027 жылдары 22 жолаушылар лифтін ауыстыру қарастырылған. Қазіргі уақытта мердігер мекеме әлі анықталмады. Заңнамаға сәйкес, қаржыландыру шешілгеннен кейін, кондоминиум мүшелерінің (тұрғындардың) ресми келісімімен мердігер таңдалып, жұмыстар басталатын болады.
  • Шатырлар: Көпқабатты үйлердің шатырларын күрделі жөндеу бойынша алты жаңа жоба дайындалды. Бұл мәселе әкімдіктің тікелей бақылауында.
  • Инженерлік желілер: Тағы бір көпқабатты үйдің су құбырларын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлену үстінде.

Өзекті мәселе: Кезектегі үйлер

Бүгінгі таңда Бөрлі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде Ақсай қаласы бойынша шатырларын күрделі жөндеуді кезек күттірмейтін жеті көпқабатты тұрғын үй тіркелген.

Бөрлі ауданының әкімдігінің қызметкерлері тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатынын, әрбір жоба тұрғындардың мүддесі мен қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынын мәлімдейді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Бөрлі ауданында 823 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. 

Биыл Бөрлі ауданында 823 бала алғаш мектеп табалдырығын аттамақ

Главный баннер --> after article