БҚО-да қазанда 10 мыңға жуық адам жіті респираторлы вируспен ауырған
Науқастардың алты мыңнан астамы — балалар.

Батыс Қазақтан облысында қазан айынының он бес күнінде 9918 адам жіті респираторлы вируспен сырқаттаныпты. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Науқастардың дені 14 жасқа дейінгі балалар екен. 6841 балдырған жіті респираторлы вирустың тырнағына ілінген. Бірақ өңірде тұмаумен ауырған адам тіркелмепті.
Дәрігерлер жұқпалы кеселдің алдын алу үшін екпе салуды ұсынады. Биыл 30 қыркүйектен бастап елімізде тұмауға қарсы вакцина егу науқаны басталды.
— Эпидемиологиялық және зертханалық мәліметтерді ескере отырып, эпидемиялық маусымда халық Ресей Федерациясында өндірілген тұмауға қарсы «Гриппол+» вакцинасымен егілуде. Вакцинация барлық емханаларда, сондай-ақ қалалық және аудандық ауруханаларда тегін түрде жүргізілуде. Жалпы облысқа 60 мың доза вакцина жеткізілді. Егудің басты мақсаты – халықты тұмаудың асқынуынан қорғау және аурудың таралуын азайту, — делінген облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасында.
Қазанның он алтысына тұмауға қарсы екпені 48 611 батысқазақстандық ектірген. 60 мың екпе саламыз,- деген жоспардың 81 пайызы орындалыпты. Екпе салу науқаны осы айдың аяғына дейін жалғаспақ.
Вакцина бірінші кезекте тәуекел топтағы жандарға егіледі. Олар:
- Медицина қызметкерлері;
- Медициналық мекемелерде есепте тұрған және жиі ауыратын балалар;
- Балалар үйі мен қарттар үйінің тәрбиеленушілері;
- Созылмалы аурулары бар ересектер;
- Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер;
- Жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, жоғары және орта оқу орындарының студенттері мен қызметкерлері.
Дәрігерлердің айтуынша, екпе алу арқылы тұмаудың ауыр түрлерінен және пневмония, бронхит, отит секілді сырқаттан сақтануға болады.