Қоғамдық кеңес мүшелері өткен жылды қорытындылады. 2025 жылы облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құрамы жасақталды. Облыстық кеңеске 31 адам мүше болды. Кеңес мүшелерінің 6% мемлекеттік қызметшілер, қалғаны- қоғам белсенділері.

Батысқазақстандық қоғамдық кеңесте әйел адамдар мен жастар аз. Әйелдердің үлесі 23 пайыз болса, жастар он пайыздан аспайды. Төраға келешекте жасардың үлесін 15 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.

– Облыс бойынша қоғамдық кеңестердің құрамына 189 адам кіріп отыр. Облыстық қоғамдық кеңестің құрылымына келетін болсақ, кеңестің төрағасы, 11 адамнан тұратын төралқа және қоғамды толғандыратын негізгі бағыттарды қамтитын бес салалық комиссиядан тұрады. Есептік кезеңде қоғамдық кеңестің қызметі, бекітілген жұмыс жоспарларына сәйкес жүйелі түрде ұйымдастырылды. Аталған заң аясында облыстың 12 ауданы мен Орал қаласында қоғамдық кеңестің жаңа құрамдары жасақталып, олардың өкілдері қоғамдық кеңестің мүшелігіне енді. 2025 жылдың сәуір айында облыстық қоғамдық кеңестің комиссия төрағалары мен мүшелері өңіріміздің барлық ауданында іс-сапарда болып, аудан, ауыл жұртшылығын толғандыратын мәселелермен танысты, – дейді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бауыржан Атауов.

Жиында Ұлттық құрылтай мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин құрылтайдың қорытындысын жіпке тізді. Ол бұрын болған құрылтайларды еске салды. Ол жаңа міндеттер мен мақсаттар туралы баяндады.

Қоғамдық кеңестің отырысында облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында атқарылған жұмыстар жайлы баяндап берді. Ол негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,7%-ға, өңдеу өнеркәсібі 12,2%-ға, құрылыс саласындағы жұмыстар көлемі 11,2%-ға, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,8%-ға артқанын хабарлады. Облыс бюджеті 32,3% ұлғайып, 475 миллиард теңгеден 628 миллиард теңгеге жеткен.

– Өнеркәсіп және инвестиция саласына келетін болсақ, облысқа 874,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 79,5%-ы жеке сектор үлесіне тиесілі болды. Алдағы бес жылда жалпы құны 4,4 триллион теңгені құрайтын 73 ірі инвестициялық жобаны іске асырып, он мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Өткен жылы тікелей шетелдік инвестиция тарту мақсатында Ресей, Иран, Қытай және Оңтүстік Корея елдеріне жұмыс сапарлары ұйымдастырылып, жалпы құны бір триллион теңге болатын жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды, – деп хабарлады облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.

Президент тапсырмасына сәйкес өңірде соңғы үш жылда 121 әлеуметтік маңызы нысан салыныпты. Оның 52-сі денсаулық сақтау саласында бой түзесе, 30-ы білім беру саласы, 24-і спорт, 15-і мәдениет саласына тиесілі.

2023 жылдан бері аймақта 30 жаңа білім ошағы пайдалануға берілген. Оның 22-сі ауылдық жерде бой түзепті. Оның арқасында 11 апаттық мектеп, алты үш аусымды және 12 бейімделген ғимаратының мәселесі шешім тапқан. Қазіргі таңда облыста сегіз мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Аймақта денсаулық сақтау саласында «Ауылда денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан пайдалануға берілді. Бұдан өзге, Казталов пен Бөрлі ауданында аудандық аурухананың құрылысы жүріп жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары мәдениет пен спорт саласын дамыту үшін салынып жатқан ғимараттарға тоқталды. Соңғы екі жылда өңірде 24 спорт нысаны пайдалануға беріліпті.

Әлеуметтік саланы жіпке тізген Тілепберген Каюпов көлік-логистика саласына тоқталды. Өткен жылы «Сырым» шекара өткізу пункті жөндеуге жабылған еді. Биыл «Тасқала» пунктін жөндеу жоспарда бар. 2023-2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының мен «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстқа 258,1 миллиард теңге бөлініпті. Қыруар қаражатқа 1542 шақырым жол жөнделіпті. Жөнделген жолдардың 560 км 56 елді мекеннің кіре беріс жолдары екен.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталығы мен оңтүстік аудандар – Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы бағытындағы көлік қатынасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы ұзындығы 245 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, бұл жобаға 81,7 миллиард теңге көлемінде қаржы бағытталды,–дейді Тілепберген Каюпов.

Жиында қоғамдық кеңестің мүшелері облыс әкімінің жұмысын жоғары бағалады. Кеңес мүшелері өңір тұрғындарын мазалайтын сауалдарды жолдады. Олар тозығы жеткен электр желілер алмастыру, киік мәселесін реттеу, қазақтың ақ бас малын дамыту үшін арнайы мекеме ашу жайлы баяндады. ,

Қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір Орал-Атырау тас жолында апат көп тіркелетінін атап өтіп, осы мәселені шешу үшін қос қаланы жалғайтын теміржол керектігін тілге тиек етті.

Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй Орал мен Атырауды жалғайтын теміржол салу келешекте жүзеге асатынын жеткізді. Атырау мен Индерді жалғайтын теміржол бар. Оның ұзындығы 148 шақырымды құрайды екен. Мақат арқылы теміржолмен Атырауға қатынайды.

– Біздерде байланыс Ресей арқылы жүріп жатыр. Көп жылдан бері осы сұрақ көтеріліп келе жатыр. Атырау және Орал қаласын теміржол қосу. Қазіргі уақытта ол сұрақты көтеріп жатырмыз. Өздеріңізге мәлім, Орал-Атырау тас жолын үлкейту және кеңейту жобасы қазіргі уақытта қаржылық қажеттілікке байланысты тоқтатылды. Соған сәйкес, біздер жылдың басында «Қазақстан темір жолымен» осы сұрақты көтердік. Ақпаратты айтып өтейін. Атырауға дейін бізде қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздеме дайын. Қазіргі таңда мақсатымыз Орал қаласынан Индерге дейін теміржолды салу. Оның ұзындығы 330 шақырымды құрайды. КТЖ-мен картасы да, жол желісі де, қай жермен өтетіні де, линиясы да дайын. Орал қаласынан мынау Калузанов станциясынан Индерге баратын 12 разъезд болады. Оның да техникалық-экономикалық негіздеме дайын, – деп хабарлады Мирас Мүлкәй.