Сенат мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызметшілер жариялауға тиіс байланысты тұлғалар тізімі кеңейтіледі. Енді оған тек заңды некедегі жұбайлар мен жақын туыстар ғана емес, азаматтық некеде бірге тұратын адамдар да енгізіледі, деп хабарлайды Мой Город.

Жаңа талаптарды сенатор Андрей Лукин брифинг барысында түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, заңда тек нақты құқықтық ұғымдар қолданылатындықтан, “дос-жаран” немесе “жақын таныс” сияқты түсініктерді енгізу мүмкін емес. Дегенмен, мүдделер қақтығысының алдын алу мақсатында байланысты тұлғалардың ауқымы кеңейтілген.

"Заңнамада ‘дос-жаран’ деген ұғым жоқ. Сондықтан біз байланысты тұлғаларды нақты құқықтық тұрғыдан белгіледік. Олардың қатарына жақын туыстар, яғни аға-інілер, әпке-сіңлілер, ата-аналар, ерлі-зайыптылар, олардың балалары, сондай-ақ немере ағайындар мен олардың жұбайлары кіреді. Ал азаматтық некеде тұратын адамдар заңда ‘ортақ шаруашылық жүргізетін тұлғалар’ деп көрсетілді", – деді сенатор.

Осылайша, ресми некеге тіркелмегенімен, бірге тұрып, ортақ тұрмыс жүргізетін азаматтар да енді мүдделер қақтығысына қатысты талаптардың шеңберіне кіреді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мұқсимов бұл тәжірибенің Қазақстан заңнамасында бұрыннан бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, ұқсас нормалар Салық кодексінде және заңсыз активтерді қайтару туралы заңда қарастырылған.

Жаңа талаптар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және кері күшке ие болмайды. Яғни қазіргі уақытта осындай жағдайларда жұмыс істеп жүрген азаматтарға бұл өзгерістер әсер етпейді.

"Бұл талаптар тек 2027 жылдың 1 қаңтарынан кейін пайда болатын жаңа құқықтық қатынастарға қолданылады. Қазіргі жағдайда жұмыс істеп жүрген азаматтарға кері әсер етпейді", – деді Салауат Мұқсимов.

Жалпы алғанда, заңның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтегі ашықтықты арттыру, жеке мүдде мен қызметтік өкілеттіктің араласуын болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету.