Баспаналы болу – әр адамның арманы. Үйлі болғысы келетін жандардың саны жыл санап артып келеді. Бұны түрлі баспана кезегіне тұрған тұрғындардың санынан анық аңғаруға болады.
Елімізде жыл сайын мыңдаған шаршы үй тапсырып, пайдалануға берілсе де, әлі күнге дейін өзгенің босағасын сағалап отырған адамдардың қарасы көп. Қоныс ала алмай жүргендер алғашқы жарнаға ақшасын жинай алмай, жинаған ақшасы ипотекаға жетпей жататыны жасырын емес. Кейде түрлі ипотекалық бағдарламаға ілікпей, кейде несие тарихы да үй алуға кедергі болуда. Әлі күнге дейін қазақстандықтардың тапқан ақшасы үйді жалға алу, тамақ, несиесінен ауыспай жатыр.
Баспана бағасы да жыл санап қымбаттап келеді. Ұлттық статистика бюросы 2026 жылдың маусым айында Оралдағы үйлердің орташа бағамын жариялады. Жаңа үйлердің бір шаршы метрі орташа есеппен 327 013 теңгені құрап отыр. Бір бөлмелі 40 шаршы метр үйдің құны 13 миллион теңгеден асып жығылады. Ал, өткен жылы орташа есеппен жаңа баспананың орташа есебі бір шаршы метр үшін 286 288 теңгені құрапты. 40 шаршы метрдегі үй алғыңыз келсе, 11,4 миллион теңгені санап беруге тура келді. Екінші нарықтағы, бұрын пайдалануға берілген үйлердің құны жаңа баспанаға баспанаға қарағанда қымбаттау. Биыл қолданыстағы үйдің бір шаршы метрі 385 663 теңгені құрады. 40 шаршы метрдей қоныс алғыңыз келсе, 15,4 миллион теңгені жинақтау керек. 2025 жылдың маусымында облыс орталығында орташа есеппен екінші нарықтағы үйлер 14,4 миллион теңгені санап беруге тура келді.
Жалға берілетін баспананың құны да артты. Биыл арендалық үйдің бір шаршы метрі 3368 теңгені құрапты. Әрине, Оралда бұған да қымбат баспананы табуға болады. Тіпті, бағасы арзандау үйді де іздеп көруге болады.
Біраз жыл бойы ақша жинап, алғашқы жарнамасы пәтер алуға жетпей жүрген жанның бірі – Зарина Рахметова. Ол екі жылдан бері баспанасын ала алмай жүр. Кейіпкеріміз не ипотекалық бағдарламалық бағдарламаға ілікпейді, не жинаған ақшасы үй алуға жетпейді екен.
— Тұрмысқа шыққаныма бес жыл болды. Бес жыл бұрын 2020 жылы Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен пәтер алдым. Бұрын алған пәтерім әлі историяма шығып тұр. Бірақ ол баспана тұрмыс құрмастан бұрын алынған еді. Ипотекаға құжат тапсырған сайын «сіздің атыңызда пәтер болды. 1,5 жыл атыңызда мүлік болмауы керек» деп айтады. Ақтөбедегі пәтерді сатып, оның ақшасын банкке салып қойдық. Үй алайын десем, алты ай күту керек. «Баспана құнының 50 пайызын төлеп ала аласыздар», дейді. Біздер «Наурыз», «7-20-25» бағдарламасына ілікпейміз. Себебі соңғы рет 1,8 жыл атыңызда баспана болмауы керек. Мен ол пәтерді тұрмыс құрмастан бұрын алсам да, ол ортақ мүлік болып есептеледі екен. Несие алуға құжат тапсырғанда қайта-қайта ол пәтерім шыға бергесін, қаңтарда баспананы сатып жібердім. Екі жылдан бері өзге қаладан үй ала алмай жүрмін, – дейді Зарина Рахметова.
Риэлтор Муза Сейтқасымовадан қандай үйлерге сұраныс көп деп сұрадық. Ол Оралда 2000- жылдарға дейін салынған үйлердің бағасы арзан келе жатқанын айтты. «Ремзовод», «Ет комбинаты» ауданында орналасқан үйлердің бағасы сәл арзандау екен. Ал, «Құрылысшы» ауданында баға әрдайым қымбат көрінеді.
— Қазір адамдар жаңа пәтер алуға көшті. Жаңа пәтерлердің жақсы бағдарламалары бар. Оларды несиеге рәсімдейді. Азаматтар жаңа үйде тұрғысы келеді. Қазір адамдар бір ауданнан сатып алады деп айта алмаймын. Қазір үйдің орналасқан жері мен өзінің қолындағы соммасына баспана іздейді. Бір бөлмелі пәтердің құны жеті миллион теңгеден бастап, 18 миллион теңгеге дейін барады. Мысалы, екінші нарықта 1 бөлмелі пәтер 7-8 миллион теңгеден басталса, 15-17 миллион пайдалануға берілгеніне үш жыл болған үйлер, ал жаңа баспанада, жөндеу көрген бір бөлмелі пәтерлер 18-20 миллион теңгені құрайды. Олардың аумағы 50 шаршы метрді құрайды. Екі бөлмелі пәтерлер ескі үйлерде 9-13 миллион теңгеден басталады. Баға баспананың орналасқан ауданы мен жөндеуіне байланысты. 90-шы жылдары салынған үйлерде екі бөлмелі пәтердің құны 17 миллион теңгедей саудаланып жатыр. Қазір үш бөлмелі үйлерге деген сұраныс аз. Қазір жақсы, жөндеу көрген, жаңа үйлерден екі бөлмелі пәтер мен үш бөлменің құны бір. Жаңа үйлерді құрылыс компаниялары сатады. Жаңа үйлерде үйдің ауданы көп. 50-60 шаршы метр болады. Жаңа баспанадан пәтер алған адамдар кемі 20-30 жылда үйінің бағасы арзандамайтына сенімді болады. Қазір ипотекалық бағдарламалар қымбат. «Ұмай» бағдарламасын қайтадан ашып жатыр. Банктерде несиенің пайызы қымбат болуына байланысты нарық қазір тоқтап тұр, – деп ойын қорытты риэлтор Муза Сейітқасымова.