Оралда 1700-ден астам бос жұмысы орны ұсынылған жәрмеңке өтті

Оралда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Оралда 1700-тен астам бос жұмысы орны ұсынылған жәрмеңке өтті
Автордың фотосы

Оралда «Talpyn-2025» мүмкіндіктер алаңы өтті. Аталмыш шара өткен жылы бастау алды. Облыс орталығында өткен жиынға жұмыс орындарын ұсынған мекемелер мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант ұтып алған кәсіпкерлер қатысты. 

Шараға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңір тұрғындарына арналған әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. 2022-2024 жылдары аралығында өңірде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1800 азаматқа арнайы грант берілген. Биыл 445 адамға демеу қаржы беру жоспарланып отыр.

— «Talpyn» жобасы – еңбекке қабілетті азаматтардың әлеуетін арттырып, өңір дамуына серпін беретін үлкен қадам. Сондықтан да, «Talpyn» мүмкіндіктер алаңы – облыс жұртшылығына жаңа серпін, нақты көмек, жарқын болашаққа бастар жол деп толық сеніммен айтуға болады, — дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» директоры Саян Баймұхановтың келтірген мәліметіне сүйенсек, аймақта жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Жастар арасында екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің көрсеткіші 3,6%. «Talpyn-2025» мүмкіндіктер алаңында 79 жұмыс беруші қатысты. Олар 1282 бос жұмыс орнын ұсынды.

— Арнайы лэд-экраннан жұмыс берушілер туралы мағлұматтары бар бейнероликтер көрсетіледі. Мұнда бос жұмыс орындарының тізімі орналасқан. Одан бөлек, «Өз-өзін қамту» орталығының бұрышын ұйымдастырдық. Аталған бұрышта жұмыссыз жүрген азамат «Еңбек.кз» сайты арқылы өзін тіркей алады. Қажет болса, түйіндемесін шығару алуға жағдайлар жасалды, — дейді Батыс Қазақстан облысы еңбек мобильділігі орталығының директоры Саян Баймұханов.

 Дина Нұрпейісова көшесінде ұйымдастырылған жәрмеңде өңірдің іргелі кәсіпорындары мен құрылыс компаниялары, мемлекеттік мекемелері  бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге қатысқан компаниялардың бірі — «Кипер Кз». Мекеме мейрамханалар мен дүкендердің ісін оңтайландырумен шұғылданады. Компанияға IT саласының мамандары, есепші-кассир және сату менеджері қажет.

— Біздің компания IT саласын меңгерген маман іздейді. Ол компьютерді жетік меңгерген, ай-пи мекенжай туралы білуі керек. Есепші-кассир де өз ісін меңгерген жан болуы керек. Мамандардың жалақысы 150 мың теңгеден — 250 мың теңгеге дейін, — дейді «Кипер Кз» компаниясының менеджері Әйгерім Борисова.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келген бұқараның қарасы қалың. Мұнда ірі кәсіпорындарға түйіндемесін тапсырып, ақпарат жинап, мамандармен кездесіп жүргендер көп. Жұмыс іздеп жүрген жанның бірі – Серік Сұлтангереев. Ол биыл Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін тәмамдайды.

— Өзім мамандығым бойынша жұмыс қарау келдім. Менің мамандығым пайдалы қазбалар гелогиясы және оларды барлау. Сол мамандығым бойынша жұмыс қарап отырмын. Мен «Қарашығанақ», «Жайық мұнай» компаниясына жолығып, түйіндемемді тапсырдым. Хабар күтемін. Мұндай жәрмеңкелерді ұйымдастыруды жақсы деп білемін. Себебі жұмыссыз жүрген жастар көп. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге үлесін қосады деп сенемін , — деді Орал қаласының тұрғыны Серік Сұлтангереев.

«Talpyn- 2025» мүмкіндіктер алаңында түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, грант ұтып, түрлі бұйым мен тағам түрлерін жасап жүрген кәсіпкерлердің өнімдері қойылды. Өткен жылы қайтарымсыз грант ұтып алған жанның бірі Гүлсара Шапикова. Тасқала ауданының тұрғыны жастайынан қолөнермен айналысады. Ол бұл өнерін кәдеге жаратып, қазір ақша табатын бизнеске айналдырыпты.

— Былтыр грант иегері болдым. Миллион 380 мың теңге грант алдым. Бұл маған қолөнермен шұғылдануға көп мүмкіндік берді. Кезінде қолөнер маған ұнайтын, қызығатын хобби еді. Соны іске айналдырып, шағын шеберханам  аштым. Грант ақшасын пайдаланып, жұмыс істеп жүрмін. Көбінесе тапсырыс қабылдаймын. Тапсырыс болғанда орындаймын. Үй тұмарларына сұраныс көп. Қуыршақ қобдишаларым шетел асты. Америка, Германия, Норвегияға жөнелттім. Шетелге сапарлайтын жандар үшін қуыршақ қобдишалар тапсырмас кәдесыйға айналды, — дейді Тасқала ауданының тұрғыны Гүлсара Шапикова.

Батыс Қазақстан облысында биыл 22 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 300-ге жуық жұмыс ұсынған компаниялар мен мемлекеттік мекемелер қатысты. 100-ден астам азамат тұрақты жұмысқа орналасыпты.


Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp