Оралда 4 ересек пен сәби жеделсатыда қалып қойды
Жеделсатының ішінде қамалып қалғандарға құтқарушылар көмектесті.

Оралда бес адам жеделсатының ішінде қалып, құтқарушылардан көмек сұрады. Оқиға түн жарымда, Ақан сері көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болыпты. Жәрдем сұрап хабарласқан әйел адам жеделсатыда төрт ересек пен 2025 жылы дүниеге келген сәби барын айтқан.Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шақырту орнына келген арнайы жасақ жеделсаты кілтінің көмегімен есікті ашып, алтыншы жетінші қабаттың ортасында тұрып қалған лифт кабинасынан адамдарды аман-есен шығарған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Жеделсатыда қалып қойғандар медициналық көмекке жүгінбепті.
Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласуды сұрайды.
Cурет "ЖИ" көмегімен жасалды