3 часа назад

Оралда балалар арасында бір күнде 26 заң бұзушылық фактісі тіркелді

Облыс орталығында «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында түнгі рейд ұйымдастырылды.

Оралда балалар арасында бір күнде 26 заң бұзушылық фактісі тіркелді
БҚО полиция департаменті видеосынан стоп кадр

Оралда «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері мен облыстық білім басқармасының мамандары бірлескен түнгі рейдке шықты. Нәтижесінде бір түнде жасөспірімдерге қатысты 26 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Рейд барысында анықталған 26 әкімшілік құқық бұзушылықтың 22 кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүргені екені анықталды. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132 бабына сәйкес үш хаттама, 200 бабы бойынша бір хаттама толтырылған.

 —  «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың және келеңсіз жағдайлардың алдын алу. Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері ата-аналарды өз балаларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне назар аударуға шақырады,  —  деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес балалар заңды өкілінсіз сағат 23:00,  таңғы сағат алтыға дейін тұрғын үйден тыс жерде серуендеуіне болмайды. Және кәмелетке толмағандар түнгі оннан, таңғы алтыға дейін ойын-сауық мекемелерде ата-ана немесе заңды өкілінсіз жүруіне тыйым салынған.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp