Оралда қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау, сұрыптау мен олардың көмудың ақысы қымбаттады. Коммуналды тарифті Орал қаласының мәслихат депуттаттары бекітті. Жаңа тариф бір адамға 659 теңгені құрайды. Соңғы рет қоқыстың тарифі төрт жыл бұрын қымбаттады. Күні бүгінге дейін оралдықтар қоқысты шығару үшін 442 теңге төледі. Қоқыстың тарифін депутаттар біраз талқылап, қатты тұрмыстық қалдық жиналатын полигон мен қоқыс шығарумен айналысатын компанияның жұмысын зерделепті.
Бұған дейін қоқыс шығару тарифін бір адамға 1130 теңге деп бекіту туралы ұсыныс келтіріпті. Бұл сомманы депутаттар бекітпей, оның бағасы 733 теңгеге түскен. Бұны да бекітпеген халық қалаулылары 659 теңгені бекіту туралы ұсыныс білдірген.
Жаңа тариф бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 100 пайыз жеңілдік, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген жандарға 50 пайыз, І топтың мүгедектеріне, көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар отбасыларға, бала кезінен мүгедек атанған адамдарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Бұл жеңілдік сегіз мың адамға қатысты екен. Орал қаласының тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылжан Хайруллин әрбір тарифтің бағасына сәйкес есептеулер жүргізілгенін айтады.
— Белгіленген тарифтердің өзінің бір бағыттары бар. 1130 теңгеге біздер арнайы техникамен жылма-жыл 6-7 бірлік арнайы техника сатып алуды қамтамасыз ететін болсақ, 733 теңгеге 4 немесе 5 арнайы техниканы қамтамасыз ететін боламыз. Қазіргі таңда өздеріңіз ұсынылған тарифке сәйкес жылма-жыл 2-3 техникамен қамтамасыз ету жоспарлануда, – деді Асылжан Хайруллин.
Мәслихат сессиясында депутат Мақсат Айсауытов Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің саны азайғанын айтып, кімге 100 пайыз жеңілдік көрсетіледі деп сынға алды. Халық қалаулысы І топтың мүгедектерінен өзге барлық мүгедектігі бар жандарға жеңілдік жасалсын деген ұсынысын ортаға салды. Ол тариф қанша пайызға қымбаттады деп сұрау салып, тарифті біртіндеп қымбаттату жайында айтты.
– Индексация бойынша жауап беріп кетейін. Бізде тариф төрт бұрын көтерілген болатын. Жылма жыл жанар-жағармай, жалақы, адамдардың қол жұмысымен жасап жатырған арнайы техниканың бөлшектері, жалпы арнайы техниканы жаңарту мәселесі көтеріліп отыр. Сол себепті осыған дейін көтерілген мәселеге сәйкес осы тарифті алдағы жылдары 3-4 жылдан кейін 50-60 пайызға көтермей, жыл сайын индексацияға сәйкес көтеріп отыруды өзіңіздің әріптестеріңіз ұсынды. Жалпы ол мәселені алдағы уақытта қарастыратын боламыз, – деп қысқа қайырды Орал қаласы тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.
Орал қаласының депуттаттары қоқыстың тарифін бірауыздан мақұлдады. Енді оралдықтар бірінші қазаннан бастап қоқыс үшін көп қабатты үйдің тұрғындары бір адамға 659 теңге төлесе, жер үйде тұратындар 672 теңге төлейді. Заңды тұлғалар үшін тариф 3115 теңгені құрайды.
Жиында қала әкімі депуттаттарға үш ай сайын қоқыс жинайтын коммуналды мекеме басшысының есебін тыңдауға шақырды. Мекеме басшысы халық қалауларының алдында қанша сомма жинап, қанша қаражат жұмсап, қанша техника алғаны мен кімге жеңілдік жасағаны жайлы есеп бермек.