17 декабря 2017

Оралда «Рухани жаңғыру» музейі ашылды

Музей, ХІХ ғасырдың соңында салынған тарихи ғимаратта орналасқан. Бұл да мұражайдың маңызын айшықтай түскендей. Тәуелсіздіктің тұғыры бекіген сайын төл тарихты танып білуге талпыныс артуда. Сондықтан жаңа музей ұлттық рухын іздеп, түп-тамырына үңілген әрбір жанға рухани азық бермек. Нысанның ашылуына жиналған жұртшылықты құттықтаған өңір басышысы, игі іс Елбасы тапсырмасы аясында жүзеге асқанын атап өтті. - Осы музейге біздің тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлер қойылады. Мәдениетіміздің жетістіктері, ата-бабаларымыздың мұрасы орын табады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірдегі киелі жерлер бекітілді. Сол картаны да осы мұражайдан көруге болады. Мәселен облыс орталығынан 600 шақырым қашықта жатқан Жәңгір хан музей-кешенінің үлгісімен танысып, шежіресіне қанығуға да мүмкіндік бар. Музейге мемлекеттік қаржы жұмсалған жоқ, күрделі жөндеу демеушілердің көмегімен іске асты, - деді нысанның ашылу рәсімінде облыс әкімі Алтай Көлгінов. Ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өтікізіп, азаматтық борышын аброймен атқарған кәсіпкердің есімі – Мұратбек Мұхамедиев. Казконтракшнгрупп компаниясының жетекшісі ізгі шаруаға 18 млн. теңге бағыттапты. Музей өңірдің өткені мен бүгінін баян етеді. Бұл үшін мұражайда сан түрлі жәдігерлер мен уақыт сарғайтқан суреттер және құнды құжаттар жинақталған. - «Рухани жаңғыру» отанды, ұлтты сүюге үйретіп, бүгінгі ұрпақтың ата-баба алдындағы парызын өтеуге тәрбиелейтін жоба. Бұл жобаны егемендік алғалы күттік. Азаттық ұлы арман, ұлы мақсат еді. Музей, тәуелсіздік шежіресіне тереңінен бойлайды, - дейді ақын Ақұштап Бақтыгереева. Музей төрт экспозициялық залдан тұрады. Алғашқысы өңірдің киелі жерлері деп аталады. Онда «Сакралды Қазақстан» атты картасына енген облыстың алты нысаны туралы сыр шертіледі. Әрі барлық ақпаратты интерактивті жүйеде алуға мүмкіндік қарастырылған. Алаш арыстарына арлаған залда елім деп еңіріп өткен ұлт зиялылырының өімірі баяндалған. - Музейді аралай жүріп тың мағлұматтармен таныстық. Әсіресе Күнбатыс Алашорда қайраткерлерінің бұрын-соңды жарияланбаған суреттері ілініпті. Мәселен Бақытжан Қаратаевтың суреті мен көзі тірісінде тұтынған дүниелері қойылған. Тарихи құжаттар да бар. Бұл өте маңызды, дейді тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева. Мұражайда Астана қаласының дамуы мен Орал қаласының жетістіктері айшықталып, аймақтағы баспасөз құралдарының тарихы да жан-жақты көрсетілген. Музейдің аралаған аймақ басшысы кейбір жетілдіретін тұстарға назар салды. Бұған қоса алдағы уақытта мұражай қорын толықтыру бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүзеге асады. Бұл бағытта музей басшылығы жергілікті өлкетанушылар мен тарихшылардың көмегіне жүгінбек. Тәуелсіздік күні есігін айқара ашқан музей енді төл тарихымызды түгендеп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға себепші болмақ. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp