Орал қаласында жалпыхалықтық сенбілік өтті. Оған бес мыңдай адам қатысты. Санитарлық-экологиялық акция мемлекеттік қызметкер, кәсіпкерлер мен студент жастар ат салысты. Солардың бірі- Балабатыр Мұстафа. Бірінші курс студенті мұндай ауқымды шараға алғаш рет қатысып жатырғанын айтады.

- Біз «Таза Қазақстан» акциясына өз үлесімізді қосу үшін келдік. Бұл біздің болашағымыз бен денсаулығымыз үшін маңызды деп ойлаймын. Тазалық акциясына барша қазақстандықтарды ат салысуға шақырамын. Өз басым бірінші мұндай ауқымды сенбіліккке қатысып отырмын. Келешекте де бұл ісімді жалғастырамын, -деді студент Балабатыр Мұстафа.

Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов жалпыхалықтық сенбілікке қатысып, Шолохов көшесін жиыстырып жүрген жастармен кездесті. Шаһар басшысы қала тазалығына тұрғындар ат салыссын деп үндеу жасады.

- Қазір қаламызда 12 бағытта сенбілік ұйымдастырылды. Осы іс-шараға бес мыңға жуық адам қатысып жатыр. 100-ге жуық техника жұмылдырылған. Жоғары оқу орындарының студенттері, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар бар. Біздер сағат 8.30-дан бастап бір топ азамат жергілікті полиция қызметі, урбанистика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандарымен шығып, қаланы аралап жүрміз. Сенбілік барлық жерде ұйымдастырылып жатыр, -дейді Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов.

Облыс орталығында қала тазалағын қамтамасыз ету үшін жалпыхалықтық сенбіліктер мамырдың аяғына дейін ұйымдастырылмақ. Осы кезеңде барлық қоқыстарды жинап, оны қапшықтарға салып қоюға болады. Коммуналды мекеменің көлігі қоқысты тегін алып кетпек.