Соңғы уақытта өзге елде тіркелген, біздің мемлекетте есепке алынбаған көліктер саны артты.

Бір өкініштісі-осы автокөліктер қаншама рет ереже бұзса да айыппұлдан жалтарып, салықты да төлемей тайраңдап келген болатын. Енді оларға да тұсау салынып жатыр. Шетелдік нөмірлі көлік иелері жол ережесін бұзған жағдайда қатаң жазаланатын болады. Осындай көлікті тақымдағандардың жол-көлік апатына жиі тап болып, ереже бұзуы қолданылар шараны қатаңдатуға себеп болған. Яғни бақылау күшейтіледі.
«Автоураган» ақпараттық-бағдарламалық кешені арқылы былтырдан бастап ереже бұзған 300-ден аса көлік иесі əкімшілік жазаға тартылып, 32 миллион теңгеге жуық айыппұл мемлекет қазынасына өндірілген. Жалпы саны 633 темір тұлпардың жол заңына бағынбағаны анықталыпты.
Қазіргі кезде қаланың барлық аудандары мен жол-көлік бекеттерінде «Автоураган» кешені темір тұлпарларды сүзгіден өткізуде. Заманауи құрылғы көмегімен борышкерлер лезде анықталып, бірнеше сала мамандарының жұмысы жеңілдеп отыр.
Осылайша «Автоураган» көлігі айыппұл төлемей жүрген шетелдік нөмірлі автокөлік иелерінің тынысын тарылтып, құрықтарына іліктіруде. Сондай-ақ көлік салығын төлемей жүрген азаматтарға да тұсау қойыла бастады.
-«Бұл «Автоураган» əр көліктің жылдамдығын, мемлекеттік нөмірі сәйкестігін бірден көрсетеді. Қозғалыс тәртібін бұзғандарды қалт жібермейді. База арқылы борышкерлерді, ұрланған автокөліктерді анықтауға да септігі мол»,-дейді Орал қалалық мемлекеттік кірістер басшысы Ринат Қабақов.
Мамандар жаңа бейне бақылау жүйесі жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жол көлік оқиғаларының санын азайтады деген сенімде.
«Ақпараттық-бағдарламалық кешен арқылы біз өз мемлекетімізде тəркіленген көліктерді ғана емес, шетелде тіркелген көлік иелерін де тəртіпке шақыра аламыз. Бұрын біз оларға еш шара қолдана алмасақ, енді жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тарта аламыз. Араларында айыппұл төлемей жүргендері бірден анықталады»,-деп хабарлайды полиция қызметкерлері.
Бүгінгі күні облыс бойынша шетелде тіркелген 72 автокөлік иесі анықталып, қолға түскен. Олардан жалпы сомасы 651 мың 800 теңге өндіріліп алынып отыр.
Арман КУРМАНАЛИЕВ