Қазақстанда қашықтан құрбан шалу үшін арнайы сайт іске қосылды. Құрбан айтта ниет қылған жандар qurban.muftyat.kz сайты арқылы игі амалын жүзеге асыра алады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлады.

- Мұсылман қауымының қасиетті айт мерекесіне орай барша қазақ елін Құрбан айт күні жүзеге асатын қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл да құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады, - деп хабарлады Муфтият.

Діни басқарма онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алатынын атап өтті.

Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе жеті адам бірігіп шалса болады. Тапсырысыңыз сәтті өтсе ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі екен.

qurban.muftyat.kz сайтында үш батырма бар. Біріншісі құрбан шаламын. Екіншісі- құрбан етін алуға өтініш қабылдайды. Үшінші батырмада шалынған құрбаны бойынша мәліметті оқи алады.

Биыл Құрбан айт мерекесі 27 мамырда тойланады.