Әлеуметтік желіде қырылған киіктің видеосы көптеп таралуда. Желі қолданушылары бұл жайтқа алаңдаулы. Олар далада жатқан киіктің өлекселері түрлі ауру таратады ма деген үрейлерін де жасырмайды. Киіктің неден қырылып жатқаны ба беймәлім? Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары киіктің өлекселерін жинауға арналған алгоритм барын алға тартады.

- Облысымызда бекітілген алгоритм бар. Өлі киіктің денелері табылғанда құзырлы органдар бірлесіп мал моласына не арнайы белгіленген траншя көміліп, өртеу әдісімен жойып келе жатыр. Қазіргі таңда құзырлы органдар сол алгоритмге сай өлген киіктің өлекселерінен сынама алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оған дейін де Бөкей Ордадан сынама алды. Ветеринарлық қызметтің мамандары Астанаға сынаманы жіберген болатын. Оның нәтижесі әлі шықпады, - деп хабарлады облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшының орынбасары Қадер Қадешов.

Былтырғы әуе санағы бойынша Батыс Қазақстан облысының аумағында 2 миллион 300 киік бар. Биылғы санақ енді басталды. Оның нәтижесі әлі белгісіз.