Қазір қызғалдақ гүлдеп, сайын даланың көркін келтіріп тұр. Адамдар өсімдікті жұлып, өсіп тұрған алаңынды басып, жаншып жатыр. Табиғат жанашылары мұндай ессіз қадамның кесірінен келешекте қызғалдақтың суретін тек кітаптан көреміз деп дабыл қағуда.

Қазақстан-қызғалдақтың отаны. Елімізде осы өсімдіктің 35 түрі кездеседі. Ғалымдар дала гүлінің 12 түрі тек қазақ даласында өсетінін айтады. Олар Қазақстанның климатына әбден бейімделген.

Қазіргі таңда көктем гүлінің 18 түрі Қызыл кітапқа енген екен. Профессор Ивановтың анықтамасына сай, Каспий маңы ойпатында қызғалдақтың төрт түрі кездеседі. Олар — Tulipa patens және Biflora (қосгүлді), Шренка және Биберштейн. Қазақстан даласында өсетін қызғалдақтың пиязшығы алғаш рет 15 ғасырда Ұлы Жібек жолы арқылы Нидерландыға кеткен.

Алайда, қазақстандықтар дала гүлін аялауға асықпайды. Көктем сайын құшақ-құшақ себет жасап, оның суретін әлеуметтік желіге жүктеп, жарысады. Елімізде Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлғандар қылмыстық жауапкершілік арқалайды. Бірақ бұл тыйымды ескеріп жатқандар аз. Өңірде бір-екі жылдың ішінде қызғалдақты жұлып, жаза арқалағандар жоқ.

- Дала қызғалдақтарының басым бөлігі, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында гүлдейтін Шренк қызғалдағы Қызыл кітапқа енгізілген. Оларды жұлу – жай ғана әкімшілік құқық бұзушылық емес, бұл толыққанды қылмыстық іс болып саналады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы «Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерімен заңсыз айналысу» бойынша жауапкершілік қарастырылған. Аталған бапқа сәйкес айыппұл мөлшері 3 000 АЕК-ке (2026 жылы 12 975 000 тенге) дейін жетуі мүмкін, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлғандар 13 миллион теңгеге жуық айыппұл төлейді. Бұл заңмен қарастырылған жаза. Десек те, қазір қыр гүлінің көзін құртқандар табиғатқа өлшеусіз зиян келтіруде. Ойланбай жасаған әрекеттің қоршаған ортаға қандай залалы мен зардабы бар? Осы сауалды Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде биология, география, химия мұғалімдерін даярлаумен айналысатын аға оқытушы Жаннат Кажымуратовадан сұрадық. Тәжірибелі ұстаз жағдайды жіпке тізді.

- Адамдар неге қызғалдықты Қызыл кітапқа енгізеді? Неге оларды жұлғаны үшін қомақты айыппұл салынады деген сұрақ қояды. Себебі-қызғалдақ эфемероид өсімдік, оның вегетациялық уақыты тым қысқа. Аз ғана уақыт өмір сүріп, жемісін салып, тұқымын шашып кетеді. Қазіргі таңда өсімдіктің экологиялық амплитудасы тарылуда. Далада, табиғи жағдайда өсетін қызғалдақ тұқыммен көбейеді. Барлық адамдар алма ағашы гүлдеген шақта гүлдерін жұлмайды, одан жеміс алатынын біледі. Алайда, қызғалдақ гүлдеп тұрғанда оны кесіп алып, гүлдесте жасайды, ол ұзақ уақыт сақталмайды, оның пиязшығына қоректік зат бармайды. Қызғалдақты жұлып алып суретке түсіп, өздарінің биологиялық білімінің, экологиялық мәдениетінің төмен екендігін көрсетеді. Қызғалдақ гүлдеп тұрғанда тұқымын шаша алмайды, адамдар гүлдеп тұрған қызғалдақтың күлтесін көріп, оның әлі жеміс салмағанын түсіну керек. Гүлдің аналығы ұрықтанғаннан кейін, оның түйіні түрін өзгертіп, жеміске айналады. Қызғалдақтың жемісі қорапша деп аталады, сол қорапшаның ішінде кемінде 300-ге жуық тұқым болады. Дүкен сөрелеріндегі сатылатын пиязшықтар голландтық сорттар екенін, ал біздің далаларда өсіп тұрған қызғалдақтардың түр екенін білу керек. Қызғалдақтың тұқымы жерге түскеннен кейін өсіп шығуы үшін кемінде 5-7 жыл уақыт керек, -дейді Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Жаннат Кажымуратова.

Жаннат Қажымұратова тұрғындарға қоршаған ортаны қорғауға және азаматтарға экологиялық-биологиялық білімін жетілдіруге шақырады.