4 часа назад

Әлеуметтік маңызы бар тауар құнын қымбаттатқандар 56 млн теңге айыппұл арқалады

Сауда министрлігі 2562 әкімшілік қаулы қабылдапты.

Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Елімізде қос бүйірден қысқан қымбатшылық кесірінен азаматтардың тапқаны қапқанына жетпей жатыр. Қымбаттаған тауар көп. Азық-түлік бағасы да шарықтауда. Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын негізсіз қымбаттатқандармен күресіп әлек. Министрлік таратқан ақпарға сүйенсек, 2562 әкімшілік қаулы қабылдапты. Оның — 1360 айыппұл.Бағаны негізсіз көтергендерге 56 миллион теңгеден астам айыппұл салған. Қалғаны ескерту алыпты.

Сауда және интеграция министрлігі ет өнімдері нарығында белгіленген сауда үстемесінің сақталуына ерекше назар аударуда екен. Әлеуметтік маңызы бар сиыр етіне үстеме бағаны асырғаны үшін 45 қаулы рәсімделіпті. Оның 33 айыппұл арқалаған.

Ел аумағында ет өнімдерін сауда орындарына жеткізу кезінде үстеме бағасын сақталуы үшін қосымша мониторинг топтар құрыпты.  

— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізуде жасырын қымбаттау схемаларын және ретро-бонустарды алып тастауға бағытталған заңнамалық өзгерістер дайындалып жатыр. Аймақтық комиссиялардың жұмысы аясында жыл басынан бері 747 отырыс өткізіліп, 2301 бұзушылық фактісі анықталды, 1956 әкімшілік қаулы қабылданды, 345 өнімсіз делдал алынып тасталды. Электронды шот-фактураларды талдау барысында 9015 мың тауарлық тізбектің ішінен 823 тәуекелді бұзушылық анықталды, — деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.

Сауда және интеграция министрлігі ел аумағында ірі сауда желілерінде «БерекеFest» акциясы өтетінін хабарлады. Акция аясында жаңа өнімдер, әсіресе халықтың сұранысына ие жаңа піскен көкөністер, жемістер мен сиыр еті ұсынылмақ.  Сауда желілері қазақстандық өндірушілер үшін арнайы орындар бөліп, өнімдерді нарықтан төмен бағада сатуға мүмкіндік береді. Бұл ішкі өндірісті қолдап қанақоймай, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының тұрақтануына ықпал етеді екен.