Ақтауда көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде газ жарылды
Соның кесірінен 5 адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген.
Ақтауда «Асия» тұрғын үй кешенінде орналасқан сервис орталығында газ жарылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай департаменті хабарлады. Соның кесірінен бес адам зардап шегіпті. Олар Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген.
Жарылыс толқынының кесірінен үйдің жертөлесі мен бірінші қабатта орналасқан пәтерлердің терезе, көрші құрылыс алаңының шамамен он метрлік тас дуалы мен бірнеше автокөлік қираған.
— Оқиға орнына Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің 15 қызметкерлері мен бес техникасы, сондай-ақ, апаттар медициналық орталығының бригадасы дереу жетті. Құтқарушылар келген кезде газ-ауа қоспасының жарылысы мен одан кейінгі жану фактісі анықталды. Өрт толық сөндірілді, оқиғаның себептері анықталуда, — деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 52 жастағы пациент реанимация бөлімінде ем алуда. Оның бетін, мойынын, кеудесін, екі қолын, аяқтарын және арқасын күйік шалған. Сонымен катар көз жанары да күйіп қалған.
22 жастағы зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаторлық емге жіберілген. 15 пен 10 жастағы қыз балалар газбен уланған. Оның жағдайын дәрігерлер орташа деп бағалап отыр. Жеті жастағы ер бала газбен уланған, көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген.