Ақтөбеде жалақысын ала алмаған тұрғын сот арқылы берешегін өндіріп алды
Сотқа шағымданған азамат өткен жылдың маусым мен тамыз айында жекеменшік кәсіпорында жұмыс істепті.
Ақтөбеде еңбекақысын жұмыс шыққаннан кейін ала алмаған тұрғын сотқа шағымданыпты. Бұл туралы Ақтөбе қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлайды. Әділдік іздеген жан өткен жылдың маусым мен тамыз айларында мекемеде қызмет етіпті. Алайда жұмыстан шыққасын жауапкершілігі шектеулі серіктестік жалақы берешегін төлемеген. Сотта шағымданған адамның аталмыш мекемеде жұмыс істегені расталды. Бұдан бөлек, іс материалдарында ЖШС мөрімен куәландырылған мекеме директорының өз қолхаты бар. Қолхатта ол өз қызметкерлеріне маусым, шілде және тамыз айларындағы қалдықтарды қыркүйек айының соңына дейін толығымен төлеуге міндеттеме алған.
Алайда, жұмыс беруші қызметкерлер алдындағы өз міндеттемелерін орындағаны туралы дәлелдер сотқа ұсынбаған.
Ақтөбе қалалық сотының шешімімен талап қою қанағаттандырылды, жауапкерден талап қоюшылардың әрқайсысының пайдасына 828 000 теңге, 410 000 теңге, 616 000 теңге мөлшерінде жалақы бойынша берешек сомасы өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.