15 декабря 2017

Қаланың 2018 жылғы бюджеті бекітілді

Орал қалалық мәслихатының 17 кезектен тыс сессиясының күнтәртібінде тағы бірнеше мәселе қаралды. 2018 жылғы бюджет 26 млрд. 846 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 4/1-ге көп. Тиісінше шаһарды дамытуға бағытталған жұмыстар арта түседі. Жалпы қала қазынасындағы қаржының 61,3 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Одан кейін абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту, жол және баспана құрылысы тұр. - Орал қаласындағы екі жылыту жүйесін қайта құрауға 1,2 млрд теңге қарастырылды. Жаңа оқу бағдарламасының енгізілуіне байланысты қала мектептеріне оқулықтар сатып алу және жеткізуге 72,1 млн. теңге, жұмыспен қамту шараларына 35,2 млн. теңге бөлінді. Білім саласының алты нысаны мен бір мәдениет мекемесін күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтауға 7,6 млн. теңге бағытталды, - дейді Орал қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Альмира Төлегенова. Сессияда қалаға қарасты Зачаганск, Круглоозерный кенттері мен Желаев ауылының бюджеттері де бекітілді. Үш әкімшілік құрылымға 350 млн. теңгеге жуық қаржы бағытталады. Бұған қоса қалалық бюджеттен субвенциялар да қарастырылады. Жалпы биылғы бюджет мақсатты орындалып, ағымдағы жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. 13 көпқабатты үйдің құрылысы қолға алынса, жол жөндеуге жұмсалған қаржы былтырғымен салыстырғанда 7 есеге артты. - Қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлкен серпін беріп отырған мемлекеттік бағдарламалар. Оның ішінде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын ерекше атап өткен жөн. Жалпы өнеркәсіп көлемі биыл 7 пайызға артып, 121 млрд. 500 млн. теңгені құрады. Жергілікті капиталға салынған инвестиция көлемі 33 пайызға ұлғайды. Бұл әрине облыстық және республикалық трансферттердің арқасында мүмкін болып отыр, - дейді орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев. Депутаттар назарына «Орал қаласының құрметті азаматы» атағына төрт үміткер ұсынылып, барлығы осы атқа лайық деп табылды. Олар; БАҚ саласының ардагері Николай Баймұқашев, білім саласында ұзақ жыл еңбек еткен Халам Сүйіншәлиев пен Мерует Жолдықайырова және өңірдің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан Яхия Чудров. Олардың есімдері қала тұрғындарына жақсы таныс. Мәселен Мерует Жолдықайырова, өмірінің 70 жылын ұстаздық іске арнаған. - 1942 жылы Пушкин атындағы педагогикалық институтқа оқуға түскеннен бастап, Оралдағы барлық қоғамдық жұмыстарға қатыстым деп айта аламын. Тіпті екі дүркін қалалық мәслихаттың депутаты да атандым. Осындай еңбектерімді ескеріп, құрметті атақ беріп жатсыңыздар. Көп рахмет, - деді депутаттар алдында сөз алған еңбек ардагері Мерует Жолдықайырова. Сондай ақ сессияда Орал қаласының даму бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, иесіз қалдықтарды басқару қағидалары бекітілді. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp