15 декабря 2017

Бірқатар батысқазақстандық мемлекеттік наградаға ие болды

Азаттық - алтын діңгек. Оның арқасында еліміз дамудың сара жолына түсіп, ұланғайыр істер тындырылды. Жас мемлекетімізді төрткүл дүние түгел таныды. 26 жыл бұрын мұндай жетістіктер қазақстандықтар үшін арман еді. Мәселен биыл еліміз БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің қатарына еніп, халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізді. Ширек ғасырдан астам уақыттағы облыстың табысы да толайым. Мәселен егеменді жылдары өңірдегі өнеркәсіп көлемі 3000 есеге өссе, жалпы өңірлік өнім 2300 есеге артты. 4 млн. шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, 60 мектеп, 80 денсаулық, 105 мәдениет мекемесі іске қосылды. - Экономикалық жаңғырудың басты мақсаты елдің әл ауқатын арттыру. Мұндай жағдайда табиғи байлықтарға сеніп отыра беруге болмайды. Өзіміздің интелектуалды байлығымызға сүйеніп, жаңа экономика жасауымыз керек. Бұл алдыңғы буын ұрпақ алдындағы маңызды міндет. Екінші саяси жаңғыру. Конституциялық реформа еліміздегі демократиялық жаңғырудың бір кезеңі болып табылады. Рухани жаңғыру сана сезіміміздің, мінез-құлқымыздың өзгеруі, - деді салтанатты жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов. Еліміздің болашағын баянды етуге өңірдің әр тұрғыны үлес қосуда. Салтанатты жиын барысында мемлекеттік наградалар табыс етілді. Еңбек ардагерлері Кәрім Өтеғұлов пен Яхия Чудров, «Парасат» орденіне ие болды. - Қуаныштымын. Осы орайда жаңа жыл жаңа жетістіктер әкелсін деп тілеймін. Аймағымыздың экономикалық қуаты мен халқымыздың әл ауқаты арта берсін, - дейді «БҚЭТК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров. «ҚҰРЛЫСГАЗ» серіктестігінің директоры Кәримолла Жақыпов, облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева, «Катэк» жобалық-инжинирингтік комапниясының бас директоры Құндыз Нупов, КПО компаниясының бас директоры Ренато Мароли және «Қаржылық бизнес хаб» компаниясының директоры Мұхтар Манкеевке «Құрмет» ордені берілді. Аталған азаматтардың әрбірі өз саласында жетістіктерге жетіп, өңірдің өркенді дамуына үлес қосты. - Өзіміз газ саласының мамандарымыз. Соған қарамастан бір саламен шектелмей басқа да әлеуметтік нысандарды салуға атсалысып жүрміз. Біздің мекеменің құрылғанына 23 жыл болды. Осы аралықта жүздеген шақырым газ және су желілерін тартып, ондаған нысанның құрылысын жүргіздік, - дейді "Құрлысгаз" ЖШС директоры Кәримолла Жақыпов. Сондай ақ жасампаз еңбегімен елді көгерткен облыстың үш тұрғыны үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін өңіріне тақты. Олар; жаңақалалық табыншы Серікқали Бөлеш, оралдық электр монтаждаушы Бисемби Өтепбергенов және бөрлілік машинист Ермек Ықыласов. - Қаншама жыл армандаған азаттық. Міне осындай ерекше күнде мемлекеттік марапатқа ие болдым. Бұл мен үшін ерекше мәртебе әрі жауапкершілік, - дейді "Ақсайгазсервис" АҚ машинисі Ермек Ықыласов. Тәуелсіздік пен еңбек егіз ұғым. Мұны бүгінгі марапат иелерінің өмір жолы көрсеткендей. Өйткені жетістікке жету үшін тынымсыз тер төгіп, жалықпай жұмыс істеу керек. Ұлық мейрамда ұлықталған азаматтар әлі де елі үшін еңбек етуге әзір екендіктерін атап өтті. Шынайы қуаныштарын жеткізді. Халқымыз тарихтың талай сынына төтеп беріп, төл мемлекетін қалыптастырды. Ендігі мақсат азат елдің болашағын баянды ету.
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp