16 декабря 2017

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 180 пәтерлі баспана пайдалануға берілді

180 пәтерлі үй, Оралдың қарыштап дамып келе жатқан аумағында бой көтерді. Нысан бір жылда салынып, құрылысында жылу ұстағыш материалдар пайдаланылған. Баспананың Тәуелсіздік күні тапсырылуы мерекенің маңызын арттыра түскендей. Қуаншты сәтте тұрғындарды Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, биылдың өзінде 1700 отбасының пәтерлі болатынын тілге тиек етті. - Елбасының «Нұр жер» бағдарламасы бойынша биыл өңірімізде 14 көпқабатты үй және 8 ауданда 188 тұрғын үй салынып жатыр. Тұтастай алғанда 1700 пәтер пайдалануға берілмек. Соның мың жарымы жыл соңына дейін тапсырылады. Тәуелсіздік күні жаңа қонысқа ие болдыңыздар, құтты болсын, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов. Жаңа үйге көшкен жұрт мәре-сәре. Қонақтарды қарсылап, қоныс тойдың жоралғыларын жасауда. Арман болған пәтерге қол жеткізген Мирас Мұқанбетовтің бүгін тума-туысы түгел жиналды. Облыс әкімі де бас сұғып, құтты болсын айтты. Мұндай игі істердің жалғасатынын жеткізді. - 6-7 жыл бұрын бұл жер бос жатты. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде шағын қалашыққа айналды. Аудандарда да тұрғын үй құрылысы қарқынды. Соның бір пәтері сізге бұйырып отыр. Бұл ерен еңбектің нәтижесі деп білем. «Тұрғынүйқұрлысжинақбанкі» халықтың баспана мәселесін шешуге бағытталған. Бүгінде банкте 54 мың салымшысы бар, - деді тұрғындармен тілдескен облыс әкімі. Ерлі-зайыпты Дәурен және Альфия да бүгін шат-шадыман. Екі бөлмелі пәтерін жайластырып, асүйін жабықтап та үлгерген. Жас жанұя жайлы пәтерде жаңа өмірді бастайтындықтарына қуанышты. - Үш жыл қатырынан ақша салып тұрдық. Пәтеріміз жақсы. Кең де жарық. Енді ай сайын 60 мың теңге төлейтін боламыз. Бұл көңілге қонымды баға. Мұндай бағдарлама әсіресе жас жанұяларға тиімді, - дейді Альфия Жантөреева. Жаңа қоныс иелерін әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту да назардан тыс қалмаған. Осылайша мемлекеттік бағдаралама облыс тұрғындарының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік беруде. Осы орайда пәтерлі болғандардың дені педагогтар мен денсаулық сақтау саласының мамандары екенін атап өткен жөн. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp