Ақтөбеде 76 кг синтетикалық есірткі тәркіленді
Ақтөбеде есірткі сатқан сатушыларға қатысты екі қылмыстық істің тергеуі аяқталып, жеті адам қамауға алынған.
Ақтөбеде екі жасырын есірткі зертханасы анықталып, 76 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл туралы бас прокуратура хабарлады. Бұдан бөлек, өңірде есірткі сатқан сатушыларға қатысты екі қылмыстық істің тергеуі аяқталыпты. Күдікке ілінген жеті адам қамауға алынған.
— Осы жылы Ақтөбе қаласының прокуратурасы полиция органдарымен бірлесіп «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты профилактикалық іс-шаралар аясында қала аумағында 300 астам есірткі жарнамасы мен есірткі дүкендерінің сілтемелері бар наркограффитилерді анықтап, жойды. Бұдан бөлек, коммуналдық қызметтермен (ЖШС «АТК Қызмет») наркограффити деректері анықталған жағдайда полиция органдарын уақтылы хабардар ету жөнінде меморандумдар жасалды, - деп хабарлады бас прокуратура.
Бұдан бөлек, өңірде 59,5 миллион теңгеге 2,5 мыңнан астам «дропперлік» шоттар мен 1156 есірткі дүкендерінің сілтемелері бұғатталған. Прокурорлар кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 5000 астам брошюра таратылды, әлеуметтік желілерде 1000 астам жарияланым орналастырылды, халықпен 3000 кездесу ұйымдастырып, 100 астам ақпараттық билбордтар орнатылды. Бұдан басқа, психикалық денсаулық орталығының қызметіне талдау жүргізілді.
Зерттеу барысында есірткіге тәуелді деп есептелетін 205 адамның қайтыс болғаны немесе басқа өңірлерге көшіп кеткеніне қарамастан, орталықтың есебінен шығарылмағаны анықталды. Алайда, аталған тұлғалардың еміне негізсіз түрде 2,5 миллион теңге бюджет қаражаты бөлініп, орталықтың есепшотына аударылған. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша бюджет қаражаты кері қайтарылып, алты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.