Оралда адамның сеніміне кіріп 45 млн теңгесін жымқырған әйел ұсталды
Күдікті екі жылдай Бөрлі ауданы тұрғынының сеніміне кіріп, ақшасын иемденіп келген.

Оралда екі жылдай адамның сеніміне кіріп қыруар қаржысын жымқырған алаяқ ұсталды. 34 жастағы оралдық әйелдің қолға түскенін Polisia.kz хабарлады. Сайт таратқан ақпаратқа сүйенсек, күдікті Бөрлі ауданының тұрғынынан табысты арттырамын деп сенімге кіріп, 45 миллион теңгесін иемденіпті.
Зардап шеккен адам 2023 шілдесінен бастап биылғы жылдың қазанына дейін ақшасын беріп келген. Күдікті бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотталғаны анықталған.
Қазіргі таңда осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалыпты.