Оралда Деркөлге баратын көпір жөндеу көрмек
Шаған өзені арқылы өтетін көпірде 5 деформациялық жік ауыспақ.
Орал қаласында Шаған өзені арқылы өтетін көпір жөндеу көрмек. Деркөл кентін жалғайтын көпірдің бес деформациялық жігі ауысады деп күтілуде. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Алайда әкім орынбасары маңызды инфрақұрылымның қай уақытта жөндеуге жабылатынын дөп басып айтпады.
— Кеше облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы кеште барып, өзі қадағалап, сіз айтып отырған (Шаған өзені арқылы өтетін көпір - автор) көпірге де көңіл бөліп, есептемелер жүргізу керек деген тапсырма берді. Сәйкесінше біздер деформациялық тігістерді дұрыстау мен жабын ауыстыру жұмысына есептеме жүргізіп, өткізетін боламыз. Құны белгісіз. Біздер есептеп шығамыз. Жайық өзені арқылы өтетін көпірде тоғыз деформациялық тігіс болса, анда — бесеу. Кішкентай ғой, Жайық өзені сияқты емес. Сол жұмыстарды атқаратын боламыз, — дейді облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй.
Естеріңізге сала кетейік, бесінші тамызда Жайық өзені арқылы өтетін Орал-Подстепное бағытында орналасқан көпір жөндеу көрді. Мұнда тоғыз деформациялық тігіс жаңарды. «Қазавтожол» мекемесі көпірді жөндеуге 17 шілдеде жабылды. Алғашында мамандар көпірді бірінші тамызда пайдалануға береміз деп мәлімдеген еді. Алайда жұмыстың көптігіне байланысты көпірді тек бесінші тамыз күні кеште қолданысқа тапсырды.