Оралда дрондар жарысы өтті
Оралдық өрендер авто үлгілеу және авиа үлгілеу, Multi GP дрон бойынша сынға түсті.

Орал қаласында техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың жарысы өтті. Оған 80-ге жуық спортшы қатысты. Облыстық байқауға Бәйтерек, Тасқала, Бөрлі, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Казталов, Теректі және Сәкен мектебі мен Назарбаев зияткерлік мектебінің, техникалық шығармашылық орталығында құрылған үйірмелердің оқушылары бақ сынады. Жарыс үш бағыт бойынша ұйымдастырылды. Жас спортшылар «Авто үлгілеу», «Multi GP дрон», «Зымыран үлгілеу» және «Авиа үлгілеу» бойынша өнерін ортаға салды.
Дрон басқармас бұрын әрбір жас кемі 100 сағат арнайы оқу-жаттығудан өтеді. Жаттығып, шыңдалғандар ғана дронның шағын және үлкенін басқара алады. Дрон басқарудың хас шебері атанған өреннің бірі — Әлихан Нысанбаев. Ол тоғыз жасынан бастап осы спортты үйренген. Жас өрен алғашында авиация саласына қызыққанын айтады. 11 жасар оқушы бүгінде жақсы нәтиже көрсетіп, халықаралық жарыстарда бақ сынап жүр.
— Авиаүлгілеу үйірмесіне келгенде алғашында ұшақпен жаттықтым. Кейін, мен дронның жылдамдығына қызығып, чемпион болдым. Бірінші мен симулятордан бастадым. Оған көп уақытымды жұмсадым. Мен жарты жылдай жаттықтым. Дронды үйреніп жүргендерге басқару қиынға соғады. Дрондар өте жылдам ұшады. Сол себепті маған өте қызық. Бүгінгі жарыс маған өте қызық әрі көңілді өтуде, — дейді жас спортшы Әлихан Нысанбаев.
Облыстық байқауға қатысушы Әлихан Нысанбаев өңір мақтанышы. Ол республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтауда. Жақында Әлихан Сауд Арабиясында өткен бәсекеде өнер көрсетті. Ол жарыста 140 адам бақ сынаған. Батысқазақстандық 80-шы орынға тұрақтапты. Ол дрон басқарудан шыңдалып, әлем чемпионы болуды армандайды.
Өңірде дронды басқаруды үйрету үрдісі осыдан 1,5 — 2 жыл бұрын басталды. Сайыс ұйымдастырушылары дронды тізгіндеуге үйренемін деген жас өрендердің қатары артып келеді, дейді.
— Бізде бүгін облыстық жарыс өтіп жатыр. Fpv дрон жарысы. Әлемдік деңгейде жоғарғы деңгейде дамыған. Очки (көзілдірік) арқылы басқарылады. Оның жылдамдығы 150-200 километрге дейін жетеді. Бізде бүгінгі жарыста микро дрон кішкентай дрон, үлкен бес дюймалық Open drone және екі симулятор бар. Бірі - DCL болса, енді бірі - Веласидрон. Симуляторды компьютер арқылы басқарады. Жылдамдығын, барлығын есептейміз, — дейді облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының қосымша білім беру педагогі Айбек Миргалиев.
Техникалық жарыс екі күнге жоспарланған. Жас спортшылар автоүлгілеу мен авиаүлгілеу бойынша бақ сынады. Жеңімпаздар бағалы сыйлық пен алғыс хатпен марапатталды.
Фото: pixabay.com