Қазақстанда жасанды интеллект жол сапасын бақылайды
Автомобиль жолдарын бақылау үшін Smart Roads Diagnostics System жүйесі енгізілген.

Қазақстанда жасанды интеллект жол сапасын бақылайды. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы тас жолды бақылау үшін Smart Roads Diagnostics System жүйесін енгізіпті.
Орталық жобаны әзірлеп, патенттеген. Министрліктің хабарлауы бойынша жасанды интеллектің көмегімен әр 100 шақырымды қамтитын деректерді өңдеу уақыты төрт күннен төрт сағатқа дейін қысқарады.
— SRDS жол жамылғысындағы шұңқырлар мен ойықтарды автоматты түрде анықтап, олардың көлемі мен ұзындығын өлшейді. Диагностика арнайы жылжымалы зертханалар арқылы жүргізіледі. Жыл сайын жасанды интеллекттің көмегімен 15 мың километр республикалық және шамамен бес мың шақырым жергілікті жолдар тексеріледі, —делінген көлік министрлігінің ресми хабарламасында.
Жүйе нәтижелері тас жолды жөндеу және реконструкциялау туралы шешім қабылдаған тұста негізге алынбақ. Жаңашылдық жол қауіпсіздігін арттыруға, тиімді жоспарлауға және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Көлік министрлігінің фотосы