Спортшы Абзал Ажғалиев кәсіби мансабымен қош айтысты. Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ол: «Кез-келген спортшының жаңа қадам басар сәті келеді» деп жазды.
— Мен үшін дәл сондай кезең басталды. Осы жылдардың әр сәтіне ризамын. Басып өткен жолыма көз жүгіртсем, жүрегімді өкініш емес, шексіз алғыс пен мақтаныш сезімі кернейді. Енді сол жолдың жалғасын жаңа міндетпен жалғастыратын уақыт келді. Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы, – деп жазды Абзал Ажғалиев.
Абзал Ажғалиев шорт-трекпен айналысты. Ол 24 жылдан бері осы спортпен шұғылданады. 2009 жылдан бері Ұлттық құраманың сабында өнер көрсетті. Түрлі жылдары Қазақстан чемпионатының түрлі дисциплинасы бойынша чемпион атанды. Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алды. Төрт Олимпиада ойындарына қатысты. Екі рет Олимпиада ойындарында көк туды алып шықты.
Абзал: «Спорттағы миссиям аяқталған жоқ, тек жаңа деңгейде жалғасады», деп мәлімдеді.