24 жылдық тәжірибе: Қайыржан Зейнешовтың еңбегі мен өмірі

«Жайық жылу қуат» мекемесінде 25 жылдай еңбек етіп келе жатқан Қайыржан Зейнешов жұмысының қыр-сырымен бөлісті.

Автордың фотосы

Елімізде еңбегі мен қызметіне адал жандар көп. Соның бірі — оралдық Қайыржан Зейнешов. Ол ширек ғасырға жуық «Жайық жылу қуат» мекемесінде аға аусым басшысы болып жұмыс істейді. 

Кейіпкеріміз 2001 жылы бу қазандық цехында машинист болып қызметін бастаған. Кейін қызметі сатылай өсіп аға машинст, төрт жылдан соң  аусым басшысы болыпты. Қазіргі таңда Қайыржан Әлімжанұлы аға аусым басшысы  лауазымынде тер төгеді.

— Жылу орталығында ТЭЦ-та оперативный персонал дейміз оперативті кезекші мамандардың басшысымын. Жұмысты аусыммен істейміз. Бізде тек жылу емес, электр қуатын өндіреміз. Қыста қалаға жылу береміз. Жылы суды қыздырамыз. Сол үшін қазандықтар мен турбоагрегаттардың жұмысын, жұмысшылардың жұмысын қадағалап отырамын. Біздің міндетіміз —  қазандықтар мен турбоагрегаттардың жұмысын қадағалау.  Белгілі бір мөлшерде берілген параметрді сақтап отыру. Бұл — жауапты қызмет. Барлығын мұқият қарап отыру керек. Техника болғасын ақауы болады. Параметр өзгеретін уақыты  болады. Түрлі жағдай болуы мүмкін. Сол үшін барлығын тексеріп отыру қажет. Бұзылып, істен шығатын болса, слесарьларды шақыртамыз,жөндеуге олар қатысады, — дейді «Жайық жылу қуат» мекемесінің аға аусым басшысы Қайыржан Зейнешов.

Қайыржан Зейнешов- білікті маман. Оның әріптестері де оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалайды. Ол 1995-2000 жылдары сол кездегі Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ауыл шаруашылығының инженер-механигі мамандығында білім алған. Кейін инженер-энергетик мамандығы бойынша білім алыпты. Жоғары оқу орынын аяқтаған аусым басшысы кәсіпорында алғаш жұмысқа орналасқан жылдарды еске алып, қазіргі жұмысын тілге тиек етті.

— Қазір заман талабына сай әрбір техниканы шама келгенше жаңартып жатыр. Оған да көп қаражат керек. Бірінші турбинаның турбоагрегаты ауысып, жаңадан қосылды. Қазір оның барлығы автоматтандырылған. Бұрынғы мен келгендегі техника кеңес одағы кезіндегі техника болды. Ол кезде мұндай автоматика болған жоқ. Қазір заман талабына сай, компьютерлік басқарумен жұмыс істейді. Өзгеріс болып жатыр, — дейді Қайыржан Зейнешов.

Жаңартылған техника жұмысты жеңілдеткенімен, барлық құрылғыны мұқият қарап, олқылық болса, дереу шешім қабылдауға үйретеді. Істеп тұрған агрегаттардың барлығын 20 шақты адам күн сайын адам бақылап отырады. Жылыту маусымы кезінде мамандардың саны артады.

Кейіпкеріміз маман тәрбиелеуде алдына жан салмайды. Оның кәсіпорында тәрбиелеген шәкірттері көп. Ол оқу бітіріп келген жастарға бағыт-бағдар береді. Кейіпкеріміз: 

— Жас мамандар бес жылдай тәжірибе жинау үшін кәсіпорында тапжылмай жұмыс істейді. Кейін, ірі кен орындарына жұмыс бабына ауысып жатады. Оларға осында үйрендің, осында қалды деп айта алмайсың. Әркімнің таңдауы әртүрлі. Кен орындарында жалақы жақсы. Біздер коммуналды мекеме болғасын олай деп айта алмаймыз. Бірақ бізден шыққан мамандарымызды кен орындары жоғары бағалайды, — дейді. 

Қайыржан Әлімжанұлы да түрлі кен орындарынан көп ұсыныс келіп түсіпті. Барлығынан бас тартып, осы қызметін әлі күнге дейін жалғастырып келеді.

Қызметіне адал, кәсіби шеберлігі көпке үлгі Қайыржан Зейнешов 2019 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген энергетика» атты медельмен марапатталды. Ол келешекте де осы қызметін жалғастырмақ.

Қазіргі таңда «Жайық жылу қуат» мекемесінде 1010 маман еңбек етеді. Мекеме қызметін өткен ғасырдың 60-шы жылдары бастады. Кәсіпорын электр және жылу энергиясын өндіреді. Бұдан өзге, оралдықтарды ыстық су мен және жылумен қамтамасыз етеді. Мекемеде негізгі жабдықтың тозуы — 83 пайызды құрайды.

Күні кеше «Жұмысшылар жылына» орай кәсіпорында 20 жылдай газ-электр дәнеркерлеуші болып істейтін Манас Гусмановтың еңбегімен таныстық.