Еңбекпен өрілген өмір

Талғат Түрікпенов 25 жыл бойы мұнай-газ саласында жұмыс істейді.

Еңбекпен өрілген өмір
Медет Медресовтың фотосы

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Жұмысшылардың кейде еңбегі еленбей жатады. Қоғам олар жайлы біле бермейді. Сондай жанның бірі — Талғат Түрікпенов

Талғат Серікұлы «Батыс мұнай газ жабдықтары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндірістік шебер болып жұмыс істейді. Өндірістік шебер осы компанияда он жылдай қызмет атқарады. Кейіпкеріміз осы зауыттан зейнетке шығыпты. Алайда ол өндіріс ошағында әлі қызметін жалғастыруда.

Талғат Серікұлы өндіріс ошағының жұмысын толықтай бақылап, мамандардың жұмысын жіті қадағалайды. Оларды оқытады, жастарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөліседі. Кейіпкеріміз осыдан он жыл бұрын «Батыс мұнай газ жабдықтары» компаниясына қызметке кіріскенде небары 12 адамның жұмыс істегенін еске алды. Он жылдың ішінде зауыт ірі жобаларды іске асырып, ел аумағында беделге ие болып, кәсіби мамандармен толыққан. Зауыт  автоматты газ тарату станциясын жасаумен айналысады. Мұндай өндіріс ошағы еліміз бойынша тек ғана Орал қаласында бар екен.

— Мен келгенде 12 адам болды. Ұжым 12 маманнан 160 адамға артты. Жұмыстың көлемі артты.  Астанаға газ тарттық. Жаздай «Сарыарқа» деген газ блокты біздер жасадық. Біздер «Астана-1», «Астана-2», Қызылорда, Қарағанды, Теміртау жобасын аяқтадық, —деп еске алады «Батыс мұнай газ жабдықтары» компаниясының өндірістік шебері Талғат Түрікпенов.

Талғат Серікұлы Батыс Қазақстан облысы қазіргі Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылында дүниеге келіпті. Ол Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтында инженер-механик мамандығы бойынша білім алып, 1985 жылы оқуын аяқтайды. Кейіпкеріміздің еңбек жолы ауылда басталған. Кейін ол 1987 жылы қалаға қоныс аударды. 

Түрікпенов мырза 40 жылдан астам уақыт бойы мұнай-газ саласында тер төгіп келеді. Ол — үнемі ізденісте жүретін жан. Жақында жоғарғы аграрлық-техникалық колледжде білімін толықтырыпты. Ол мұнай-газ саласында жаңашылдық болса, бірден үйренуге тырысады. 

Талғат ағай жұмыс істейтін өндіріс ошағы он шақты жылдан бері жоғарғы аграрлық-техникалық колледжбен дуалды оқыту үшін келісімшарт жасасыпты. Соның арқасында жыл сайын студенттер кәсіпорында тәжірбиеден өтеді. Студенттер алған білімін бірден тәжірибеден ұштастырады. Биылдың өзінде 20 шақты жас машықтан өткен. Талғат Серікұлы студенттерді жазбай танитынын айтады. 

— Ол бір жас білсем, көрсем деп тұрады. Сондайларды  диплом алғасын жұмысқа қабылдаймыз, — дейді. 

Ал енді біі — келген күннен қызығушылығы болмай, жалқаулық танытады екен. Қазіргі таңда оқу орынының он шақты студенті кәсіпорында қызмет атқаруда. Кейіпкеріміз жастардың жұмысшы мамандықтарға деген қызушылығының төмен екенін тілге тиек етті.

— Әрбір мамандық-құрметке лайық. Мамандықты жүрекпен таңдау қажет. Қазір жастар жеңіл жерін іздейді. Біздер үйреніп қалғанбыз, қарамаймыз жүре береміз. Ауыр жұмыстан қашпаймыз. Ауыр, жеңіл деп бөлмейміз. Бар күшімізді салып жатырмыз. Өндіріс тоқтап қалмау керек. Сол үшін білгенімізді үйретеміз, — дейді Талғат Түрікпенов. 

Талғат Серікұлы істейтін компанияның іргетасы 2006 жылы қаланыпты. 2013 жылдан бері Берік Сүлейменов «Батыс мұнай газ жабдықтары» ЖШС директоры болып қызмет атқаруда. Өндіріс ошағының жеткен жетістіктері аз емес. Кәсіпорын 2016-2018 жылдары «Қазақстанның үздік тауары» атанса, 2021 жылы «Алтын сапа» марапатына ие болыпты. Қазіргі таңда зауытта 160 адам еңбектенуде. Оның — 130-ы жұмысшы мамандар.

— Бізде 15 зейнеткер жұмыс істейді. Олар осы компаниядан зейнетке шыққан. Тәжірбиелі мамандар қызметін жалғастырып жатыр. Зауытта әулетінен істейтін жанұялар бар. Мысалы, Потаповтар әулетін айта аламын. Әкесі мен екі баласы бізде істейді. Вячаслаев Потовтың өзі екі жыл бұрын зейнетке шықты. Ол 12 жылдай компанияда  жұмыс істейді. Әкесінің ізін баласы жалғап, қазір зауытта еңбектенуде. Ал, біздің Талғат Түрікпенов деген ардагер маманымыз бар. Ол он жылдан астам осы компанияда жұмыс істейді. Ол машина жасаушылар одағының «Құрметті  машина жасаушы» деген төсбелгісін алды. Биыл президент Тоқаевтың қолынан «Ерен еңбегі үшін» деген медаль алды, — деді «Батыс мұнай газ жабдықтары» ЖШС директоры Берік Сүлейменов.

Жоғары технологиялық газ және мұнай жабдықтарының өндіруші және жеткізуші кәсіпорын жұмысшы мамандықтарға жастарды тарту ісін жолға қойыпты.

— 2025 жыл президенттің тапсырмасымен «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жарияланды. Өзіміз үлесімізді қосып жатырмыз. Зауытқа келген студенттерге үйретіп жатырмыз. Олар бірінші танысады. Оларға біздің қандай бұйым жасайтынымызды көрсетеміз. Қандай мекеме екенін айтамыз. Қазақстанда жалғыз біздің мекеме. Барлық Қазақстанды қамтып жатырмыз. Газ жоқ жерлерді қамтудамыз. Оңтүстіктен солтүстікке қарай бара жатырмыз. Жастарға көрсетіп, үйретіп жатырмыз. Біздер кеткенде жұмыс тоқтамау керек, — дейді Талғат Түрікпенов.

Талғат Түрікпеновтің қыздары өзге салада еңбектенеді. Саналы ғұмырын мұнай-газ саласына арнаған Талғат Серікұлы — көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарған тәжірибелі маман. Он жылдың ішінде жас мамандар үйреніп, түрлі кәсіпорынға қызметін ауыстырғандар да жетерлік. "Кеткен кадрлардардың 60-70 пайызы кәсіпорынға қайтіп келіп, қызметін жалғастыруда", — дейді кәсіпорын директоры. 

Талғат Серікұлы — өмірін адал еңбекке арнаған жан. Өмірлік тәжірибесі мол ел ағасы үйренем деген жастарға бағыт-бағдар беріп, оларды қолдауға әркез дайын. Ол "еңбектің наны тәтті", — дейді. 

Ар мен адалдықтан аттамаған жандардың еңбегі әркез ескеріп, ұмытпайды деген ойдамыз.

Медет Медресовтың фотосы 

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp