10 жылдық тәжірибесі бар сарапшы жол сапасын тексеруде 📷

Салынатын жолдың сапасын Асланбек Айтжанов қарап, тексереді.

Анастасия Сердюкованың фотосы

Батыс Қазақстан облысында  жолдардың жалпы ұзындығы алты мың шақырымнан асып жығылады. Оның ішінде республикалық маңызы бар — 1349 километрді құрайды. Қалғаны жергілікті маңызы бар-жол.

 Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылғы бірінші қаңтардағы жағдай бойынша республикалық маңызы бар автожолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі – 73%, жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі – 52% құрады.

Жыл сайын республикалық, облыстық маңызға ие жолдар салынып, жөнделеді. Алайда олардың сапасы кейде бұқараның көңілінен шықпай жатады. Бірде жолшылар белгіленген стандарттан ауытқыса, кейде мердігерлер сапаны ұмытады. Ал кейде жобаны жасағандар жол салатын жердің географиялық ерекшелігін ескермей де жататын жайттар кездеседі. Бұның зардабын жүргізуші мен жолаушылар тартады. Жұртшылық қазынаның қыруар қаржысына салынатын жолдың сапалы әрі ұзақ қызмет көрсеткенін қалайды.

Жолдың сапасын өңірде «Жол автивтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің облыстық филиалы қағадайды. Мекеме 2019 жылы өз қызметін бастапты. Мұнда 20-ға тарта маман жұмыс істейді. Жол салу үшін қандай материалдар қолданып, олардың сапасын арнайы құрал-жабдықпен жабдықталған зертханада тексереді. Өңір жолдарының сапасын тексеретін жанның бірі-Асланбек Айтжанов. Ол он шақты жылдан бері жол саласында жұмыс істейді. Екі жыл бұрын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесіне жұмысқа тұрыпты. Бүгінде ол сарапшы болып еңбек етеді.

— Біздер сапа орталығының зертханасында отырмыз. Мұнда салынып жатқан жолдардың сапасын тексереміз. Әрбір жол белгілі бер категория бойынша салынады. Біздер топырақтан бастап, жолдың жоғарына дейінгі қабатына дейін тексереміз. Біздерде  оны «пирог» деп атаймыз. Соны түгел зерттейміз. Жол салып жатқан материал пайдаға асады ма? Жоқ па? Материал қай жақтан келді? Солардың барлығы сапасына сай ма, сай емес пе екенін тексереміз, — дейді «Жол активтері ұлттық орталығы» Батыс Қазақстан облысы филиалының сарапшысы Асланбек Айтжанов.

Алғашында кейіпкеріміз зертханада лаборанттардың көмекшісі болып қызметін бастапты. Кейін лаборант, инженер-лаборант болып еңбек еткен. Асланбек жол салу саласына кездейсоқ келгенін айтады. Жаздық маусымда жора-жолдастары жол салып көрейік деген ұсыныс айтады. Бұл мүмкіндік үлкен өмірге жолдама беріп, кейіпкеріміздің қызығушылығын арттырған. Ол сарапшы болмастан бұрын, өңірдегі түрлі жол салатын мердігер мекемеде жолшы болып істеген. 

—  2-3 жыл бұрын қалаға көшіп келдім.Оған дейін ауылдық жерде тұрдым. Көктемде басталған жол салу процесі, күзде бір-ақ аяқталатын. Айлап отбасымды көрмей,  аптап ыстыққа қарамастан, далалық жерде жол салдық. Кейін асфальттің құрамы, оның пропорциясына қызығып, зертханаға жұмысқа тұрдым. Маған әрбір категорияда қанша қоспа, қанша шебін қолданылады қызық болды, — деп еске алады Асланбек Айтжанов. 

Жол саласына қызыққан маман осы істің  қыр-сырын меңгеру үшін жоғарғы оқу орнында жол құрылысы мамандығы бойынша білім алыпты. Өзінің жол салғандағы тәжірибесі қазіргі жұмысына көп көмектесетінін айтады. Ол мердігерлердің қандай олқылық жіберуі мүмкін екенін біліп отырады екен.

Қазіргі таңда зертханада еңбек ететін төрт маман инженерлік бригаданың алып келген сынамасын тексереді. Сарапшылар қандай мекеменің қай жолды салып жатқанын білмейді екен. Әрбір сынамаға Q-код белгіленеді. Зертханадағы мамандар осы белгімен жұмыстанып, сынаманың стандартқа сай немесе сай еместігін анықтап, қорытынды береді.

— Бізге сынаманы алып келгенде кімнен келгенін білмейміз. Бізге Q-мен келеді. Номермен жазып береді. Сол номермен алып, зерттейміз. Ол кімнен келіп жатыр, қандай мекемеден келіп жатырғанын білмейміз. Оны тек зертхана меңгерушісі мен инженер бригасы біледі.Тексерудің белгіленген уақыты болады. 1-3 күнде нәтижесін шығарып береміз, — деді сарапшы Асланбек Айтжанов.

«Жол активтері ұлттық орталығы» мекемесінің Батыс Қазақстан облысы филиалының зертханасында алынған сынамаларды дәл анықтайтын құрылғылар жетерлік. Соның бірі — асфальт анализатор деп аталады. Ол алынған асфальттің құрамын, битум мен өзге қоспалардың барын дәл анықтайды. Мекемеде жол салатын битумның сапасын анықтайтын арнайы құрылғы бар. Оны мамандар «печка для старения» деп айтады. Ол битумды шайқап, оның құрамын жіктеп береді екен. Бұл құрылғылар уақытты үнемдеп, сапалы зерттеу жүргізуге септігін тигізеді.

Зертханада жазда жұмыс көп. Асланбек Айтжанов пен оның әріптестері уақытпен санаспай еңбек етеді. Ал қыста зертхана жолға себетін құм мен тұз араласқан қоспаның сапасын тексереді. Бұдан бөлек, мамандар қыс мезгілінде келер маусымға білек сыбана дайындалады.

Кейіпкерімізден жастардың жол саласына қызығушылығын сұрадық. Ол қызығушылықтың көп жоқ екенін ашық айтты. Асланбек Айтжанов елімізде жол салатын жұмыс істейтін инженерлердің тапшы тілге тиек етті.Осы мамандықтарда оқыған жас мамандардың дипломы бойынша жұмыс істеуге құлқы жоқ, — дейді. Жол салу ісі-машақаты көп сала. Кейіпкеріміз жібі түзу жол үшін білімді, оқыған мамандар жол салса, олардың жұмысын қадағалап,сынамаларды сараптайтын сарапшылар көп екен тілегін жеткізді. Ол үшін осы салаға көптеп мемлекеттік грант берілсе екен деген ойын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жыл «Жұмысшылар жылы»деп жарияланған еді. «Мой город» ақпарат порталы өңірдің дамуы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдары мен олардың қызметі жайлы баяндап келеді. Бұған дейін «Жайық жылу қуат» мекемесінде 20 жылдан астам бойы газ-электр дәнекерлеуші болған Манас Гусмановтың өмірі мен қызметі жайлы ақпарат бердік. 

Анастасия Сердюкованың фотосы