Батыс Қазақстан облысында 2023–2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облысқа 259 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат өңірдің инфрақұрылымын жаңарту мен жол құрылысына бағытталған.
Биыл 86,8 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 497 километр автомобиль жолының 459 шақырымы жөнделді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталығы мен оңтүстік аудандар – Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы бағытындағы жолдар күрделі жөндеуден өтіп, 245 шақырым жолға 81,7 миллиард теңге жұмсалып, көлік қатынасы айтарлықтай жақсарды.
–2025 жылы облыста төрт теміржол вокзалы заманауи талаптарға сәйкес жаңғыртылуда. Жобаның жалпы құны 8,1 миллиард теңгені құрайды. Жаңартылған вокзалдар тұрғындар мен туристерге ыңғайлы инфрақұрылым мен сервис ұсынады.Туристер үшін маңызды нысан саналатын республикалық маңызы бар «Хан Ордасы» мұражай-қорығына апаратын 21 шақырым жол да жаңартылды. Бұл өңірге келетін қонақтар үшін қолайлы қатынасты қамтамасыз етеді, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі.
Облыс әкімі инфрақұрылымдық жобалардың іске асуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беретінін атап өтті. Жолдар мен вокзалдардың сапалы жөндеуі тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қатынасты жеңілдетіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Орал қаласында орналасқан теміржол вокзалыны 2025 жылдың сәуір айында жөндеуге жабылды. Барлық жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ. Бұл үшін қазынадан 1,7 миллиард теңге қаражат бөлінді.
Орал қаласында күрделі жөндеуге жабылған вокзалдың ғимараты 1983 жылы салынған. Оның аумағы 5716,1 шаршы метрді құрайды. Ол тәулігіне 900 жолаушыға қызмет көрсете алады. Соңғы рет теміржол вокзалы 2012 жылы жөндеу көрді.