27 мамыр– Құрбан айт. Айтулы мерекенің мән-маңызы зор. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айт намазының кестесін жариялады. Батыс Қазақстан облысында айт намазы таңғы сағат алты жарымда оқылады. Намаздан соң мұсылмандар құрбан шала бастайды.

Қасиетті мерекенің маңызы жайлы Батыс Қазақстан облысының Ар-Рахман мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаевтан сұрап білдік.

- Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Бұл мерекеде – адамдар бір-бірінің арасындағы өкпе-назды, ренішті ұмытып, бір-бірін татуласуға, бір-бірін арадағы туыстық, бауырмалдық қарым-қатынасты жаңартуға, отбасына көңіл бөлуге, қазақта айттап деген сөз бар, айттап барып бір-біріне жылу сыйлауға, бір-біріне мейірім, махаббат сыйлайтын, көңіл бөлетін уақыт. Айт басталған уақытта намаз оқылып, құрбан шалынады. Үш күндік мереке жақсылыққа толы мейрам болуы керек. Мерекеде адамдар бір-біріне ренжіп, араласпай жүрген болса, тіпті екі адам араласпай жүрсе, оларды өз үйіңе шақырып, татуластыру, мұқтаж жандар болса, ет таратып, садақа беріп, жақсылық жасауға болады, – дейді Ар-Рахман мешітінің наиб имамы Бағдат Шақаев.

Жылдағы дәстүрге сай елімізде онлайн құрбан шалуға болады. Қой мен ешкіні бір адам шалса, сиыр мен түйені жеті адамға дейін бірігіп шалуына рұқсат бар. Құрбандық етін әдетте үшке бөледі. Шалынған құрбандықтың етін кімге әрі қалай тарады? Қандай малды құрбандыққа шалуға болады? Көпті толғандырған сауалдарға наиб имамы Бағдат Русланұлы жауап берді.

- Құрбан айтта алты айға толмаған қозыларды, ақсақ-тоқсақ, арық, ауру малды союға болмайды. Олар құрбандыққа жарамайды. Біреу ойлауы мүмкін: "барым осы, осыны құрбандыққа шалып жіберейін", десе, ол дұрыс болып есептелмейді. Өйткені құрбандыққа шалу үшін бірінші адамның жағдайы жетуі керек. Құрбандыққа ең жақсысын, ең әдемісін шалу қажет. Құрбандыққа ешкі, қой, сиыр және түйе шалынады. Жылқы құрбандыққа шалынбайды. Осы малдың өзі шариғат талаптарына сай болуы керек. (...) Қойдың еті үшке бөлінеді. Бір бөлігін өздері алып, ағайын-туманың басын қосып, дәм татуға арнайды. Екінші, үшінші бөлігін таратып береді. Етті таратуда мұқтаж адамдарды даладан іздеп кетеді. Негізінен ең жақсы амал өзінің туыстарынан іздеу. Ағайын-туысыңа бер. Олар бүтін болса, көршіңнен ізде. Кейін сырттағы мұқтаждарды іздейсің. Өзің тоқ болып, көршің аш болса, мұсылманшылыққа жатпайды, – дейді Бағдат Шақаев.

Құрбан айтта қауіпсіздік шараларына ерекше мән береді. Әсіресе, мал сойып, бас үйітетін жерлерді жіті тексеру қажет. Облыста мал соятын 14 орын белгіленген. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Арнайы орынның үшеуі Орал қаласында орналасқан. Осы үш жерде бас үйітуге рұқсат берілген. Төтеншеліктер мерекеде қауіпсіздік шараларын сақтауды еске салады.

- Құрбан шалатын орындардағы өрт қауіпсіздігінің негізгі бес ережесі бар. Біріншіден, газ - тек далада болуы керек. Ғимарат ішінде газ баллондары мен жанарғыларды (горелка) пайдалануға қатаң тыйым салынады. Малдың басы мен сирағын үйіту тек ашық аспан астында, ғимараттардан қауіпсіз қашықтықта рұқсат етіледі. Жарамды баллондарды қолдану керек. Ескі, майысқан баллондар мен қолдан жасалған шлангілерді пайдалануға тыйым салынады. Әрбір үйітетін орын өрт сөндіргіштермен, құм салынған жәшік және су құйылған бөшкелермен жабдықталуы керек. Ақауы бар және қолдан жасалған ұзартқыштарды қолдануға тыйым салынады. Барлық жұмысшылар мен қасапшылар жұмысқа кірісбес бұрын техникалық қауіпсіздік бойынша қатаң нұсқамадан өтуі керек, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Аблай Мухамбетов.

Құрбан айт- мұсылмандар үшін ең ұлық әрі қасиетті мереке. Айт үш күнге жалғасады. Қасиетті күндері құрбан шалғысы келетіндер 29 мамыр ақшам намазына дейін үлгеруі керек. Жақында еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айтта ұлттық киім киіп, салт-дәстүрімізге сай тойлауға шақырды.