Еңбегімен елге үлгі: Манас Гусманов дәнекерлеу ісіндегі 20 жылын баяндады 📷

20 жылдай "Жайық жылу қуат" мекемесінде дәнеркелеуші болып істейтін Манас Гусманов қызметі туралы сыр шертті.

Еңбегімен елге үлгі: Манас Гусманов дәнекерлеу ісіндегі 20 жылын баяндады
Автордың фотосы

Өңірде түрлі кәсіпорын мен өндіріс ошағы жұмыс істейтін жұмысшылар көп. Қызметіне адал жанның бірі — Манас Гусманов. Ол «Жайық жылу қуат» мекемесінде газ-электр дәнеркелеуші болып жұмыс істейді. 

Манас Оразұлы кәсіпорында 20 жылдан бері еңбектенеді. Ол ескі құбырларды алмастырып, жаңасын дәнекерлеумен айналысады. Өз ісінің маймалманы №6 учаскеде тер төгеді. Кейіпкерімізбен бірге 13 адам жұмыс істейді. Осы бригада екінші база мен Сыбаға ауданы ел арасында «Ет комбинаты» атаумен танымал аумақта орналасқан үйлерді жылу мен ыстық сумен қамтамасыз етеді.

Манас Оразұлы 20 жылдың ішінде біраз қиындықты артқа тастапты. Кейіпкеріміз он шақты жыл бұрын тозығы жеткен құбырлар жиі істен шығып, қыстыгүні жөндеп, іске қосқанын еске алады. Қазіргі таңда тозығы жеткен құбырлардың көбі жаңасына алмастырыпты. Бұрынғыдай желіде көп апат тіркелмейді екен.

— Қыстан шыққан шамалы құбырлар бар. Жер астында орналасқан құбырларды жөндеп жатырмыз.Қыста жарылып қалмасын деп қысқа ауыстыратындарын алмастырып, дайындап жатырмыз. Осыдан он жыл бұрын ескі құбыр көп еді. Сол кезде түнімен істеп жүрдік. Бір жерін сваркілеп жатсаң, екінші жерінен жарылып жататын. Тұрғындарға жылу керек. Үйді қатырып тастамау керек. Таңға дейін жұмыс немесе түнгі үшке дейін жұмыс істеген күндерде болды. Қазір жағдай дұрысталып келе жатыр. Жазда істеп тастап жатырмыз.Негізгі жұмыс жазда орындалуда. Қыста барлығын бақылап отырамыз, — дейді "Жайық жылу қуат" мекемесінің дәнеркерлеушісі Манас Гусманов.

Қазіргі таңда Манас Оразұлының бригадасы Алматы көшесі 194 мекенжайында орналасқан тұрғын үйге жақын маңда жылу құбырларын алмастырып жатыр. Қазіргі таңда №6 участоктың мамандары ескі құбырды қазып, орнын тазартып, жаңасын сырлап, қолданысқа дайындап жатыр. Кейін әрбір құбырды кейіпкеріміз дәнекерлеп шығады.

Манас Гусмановтың әріптестері еңбегі мен кәсіби шеберлігін, адамгершілігін жоғары бағалайды. Олар кейіпкеріміздің жұмысын тиянақты істеп, қолынан келген көмегін аямайтынын да атап өтті. Манас Оразұлы жастарды осы кәсіпке баулып келеді. Ол жаңадан оқу бітіріп келген, еңбекке енді араласқан жастарға бағыт-бағдар беріп, ақылын аямайды.

— Жастарға көңілім толады. Мекемеге дәнекерлеуші болып келген жас мамандарды үйретемін. Шәкірт тәрбиелеуден қашпаймын. Оларға жұмыстың ыңғайын көрсетесің, баулисың. Жайық жылу қуатта істегесін, барлық трассаны жатқа білесің. Ақылымызды айтамыз. Олармен бір командада жұмыс істегесін,үйрегені жақсы. Сонда ғана жұмыс өнімді бола түседі, — дейді Манас Гусманов.

Манас Гусманов — бұрынғы Жымпиты ауданына қарасты Правда совхозында дүниеге келіпті. Дәнекерлеу ісін әскерде оқып, үйренген. Әскерден соң ауылға келіп, егін шаруашылығы саласында еңбек еткен. Кейін, қалаға қоныс аударыпты.  Содан бері 40 жылға жуық дәнекерлеушісі болып аянбай тер төгіп келеді.

Манас Оразұлы — үш перзенттің әкесі. Қамқор әке балаларын оқытып, адал еңбек етуге үйреткен. Бүгінде ол жиен-немересін бағып отыр.

Өткен жылдан бастап елімізде денсаулығына зиянды орындарында жұмыс істейтін жандар 55 жастан бастап шартты зейнетке шыға алатын мүмкіндікке ие. 2024 жылы 37 мың қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланыпты. Бұл ұсынысты Манас Гусмановқа да айтқан. Бірақ ол ұсыныстан бас тартып, 63 жасқа дейін еңбек етуді таңдапты. Манас Оразұлы ел қатарлы зейнетке шығуды жоспарлап отыр.

Манас Гусманов жұмыс істейтін «Жайық жылу қуат» мекемесінде мыңға тарта  адам еңбек етеді. Кәсіпорын облыс орталығын жылу мен ыстық сумен қамтып, электр энергиясын өндірумен айналысады. Қазіргі таңда мекеме жылу желілерін жөндеп, жаңалап, жылыту маусымына дайындалып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жыл президенттің пәрменімен «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жарияланды. Бұған дейін «Мой город» порталы өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін мамандардың еңбегі мен ғибратты өмірі туралы жазған еді.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp